Қостанайда мемлекеттік органдардың жұмысына мониторинг жүргізілмек

25 Сәуір 2022, 18:42
1300
Бөлісу:
Қостанайда мемлекеттік органдардың жұмысына мониторинг жүргізілмек

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай облысы қоғамдық кеңесі мен «Антикор» орталығы келісімге келді. Ұйымдар жергілікті мемлекеттік органдардың қызметіне бірлесіп мониторинг жүргізетін болды.

Екі ведомство арасындағы ынтымақтастық туралы бірлескен меморандумға қол қойылды.

Коррупция экономикалық залалдан басқа, азаматтарымыздың жаны мен психологиясын кірлетеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бәрімен жалғыз күресе алмайды. Олардың атқарар жұмыстары өте көп. Қоғамдық кеңестің құзыреті шеңберінде біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда, оның алдын алу жөнінен біршама көмек бере алар едік, – деді Қоғамдық кеңестің төрағасы Серік Бектұрғанов ұйым өкілдерінің кездесуі барысында.

Облыстық «Антикор» орталығының басшысы Серікжан Мырзалы Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын еске салып өтті. Ол осы бағыттағы тапсырмаларды орындау аясында, өңірдегі мемлекеттік органдардың қызметіне мониторинг жүргізу тетіктерін және сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін жайттарға талдау нәтижелерін әзірлеуде Қоғамдық кеңес маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді.

Ынтымақтастық туралы келісімде айтылғандай, енді Қоғамдық кеңес мүшелері тұрақты негізде мемлекеттік органдардың ақпараттық жұмысына бірлескен мониторинг жүргізе алады. Оларға алдын алу, түсіндіру, сыбайлас жемқорлыққа апаратын себептерді талдауға сарапшылар ретінде қатысу және кемшіліктерді жою жөніндегі ұсыныстарды орындау сапасын бақылау міндеттері де жүктеліп отыр.

Кездесу қорытындысында Қоғамдық кеңестің құрылымында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және облыс аумағында Азаматтық бақылау тетіктерін іске асыру мәселелері енді құзыретіне кіретін комитет пайда болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарты жылда кемінде бір рет комитет мүшелерінің есеп-қисабын тыңдалып тұрады.

Өзгелердің жаңалығы