Қостанайда кәсіпкерлер әлеуметтік нан пісіруден бас тартып жатыр

5 Сәуір 2023, 08:45
1023
Бөлісу:
Қостанайда кәсіпкерлер әлеуметтік нан пісіруден бас тартып жатыр
Фото: 24.kz

Қостанайда кәсіпкерлер әлеуметтік нан пісіруден бірінен соң бірі бас тартып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.

Осыған дейін қалада арзан нан өндіретін 14 наубайхана болса, қазір тоғызы ғана қалған. Оның екеуі жөндеуде. Наубайханашылардың айтатын уәжі тұрақтандыру қорынан бөлінетін арзан ұн өндіріс шығынын ақтамайды. Қазір тәулігіне 8 700 бөлке әлеуметтік нан пісіріледі. Бұл аздық етеді. Тоқсан теңге тұратын ас атасын лезде алып кетеді. Ал еркін саудада бір бөлкенің бағасы 200 теңгені маңайлайды. 

Енді әлеуметтік нан бағасының өсіміне жол бермес үшін, қалалық әкімдік наубайхана, сауда орындары иелерімен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Біз кәсіпкерлермен халықты әлеуметтік нанмен қамтамасыз ету жөнінде меморандумға отырамыз. Әзірге сегіз наубайханамен келісім бар. Тоғызыншысымен жақында қол қою рәсімі болады. Алдағы уақытта қалада әлеуметтік нан пісіретін наубайхананың санын 14-ке жеткізіп, күніне 9-10 мың бөлке шығарсақ деген жоспарымыз бар, – деді кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұралы Есіргепов.

Өзгелердің жаңалығы