Қостанайда ерекше фестиваль өтті

5 Тамыз 2022, 09:41
1449
Бөлісу:
Қостанайда ерекше фестиваль өтті
PHOTO
Фото: автордан

 Қостанайда «Қоғамдық келісім» мекемесінің тікелей мұрындық болуымен «Ұлы дала ұрпақтары» атты ерекше фестиваль өтті, деп хабарлайды Қостанай облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қостанайдың орталығындағы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ескерткіші орналасқан алаңында өткен тың бастаманың негізгі мақсаты атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді дәріптеуге бағытталды.

 

Қостанайда ерекше фестиваль өтті

Қаланың қақ ортасында таңсәріден керегісі керіліп, шаңырағы көтірілген алты киіз үй тұрғындар мен қонақтардың назарын еріксіз өздеріне аударды. Қаздай тізілген алты қанат ақбоз үйлердің ішінде хан ордасындай үлкен киіз үй көрермендердің ерекше қызығушылығын туғызғаны анық. Фестиваль үшін арнайы тігілген әрбір киіз үйдің ішінде қазақтың ежелгі тұрмыстық заттары мен ұлттық киім-кешектер ілініп, жан-жақты мәліметтер берілді. «Ұлы дала ұрпақтары» фестивалін тамашалауға жиналған халық киіз үйлерде жайылған дастарханнан дәм татты. Өздеріне ұнаған жергілікті ұсталар мен шеберлердің қолынан шыққан бұйымдарды сатып алып жатты.

Қостанайда ерекше фестиваль өтті

Бұл фестиваль облыстық деңгейде өткендіктен, қостанайлықтармен қатар іргелес жатқан Рудный қаласы мен Горняк және Мәскеу ауылдарынан келген қатысушылар да аспаздық пен қолөнер туындыларын көрермендер талғамына ұсынды.

Қостанайда ерекше фестиваль өтті

Осынау он саусағынан өнер тамған шеберлердің басын біріктірген фестивалге ұлттық құндылықтарды көзінің қарашығындай сақтап келген қандастарымыз да өз үлестерін қосты. Атап айтсақ, Өзбекстан мен Моңғолиядан атажұртқа қоныс аударған ағайындар мерекенің шырайын аша түсті.

Қостанайда ерекше фестиваль өтті

Мен тарихи Отанымызға Моңғолиядан бір жарым жыл бұрын қоныс аудардым. Атажұртымыз бізді құшақ жая қарсы алды. Осы арада кітабым да жарық көрді. Жас ұрпақ өз халқымның тарихын ешқашан ұмытпау үшін осындай іс-шараларға қатысу керек деп санаймын. Осы араға ұлттық ойынымыз асық туралы кең көлемде ақпарат беруге әдейі келдім, - дейді аузы дуалы ақын ағамыз Сезімхан Жардыханұлы.

Нәзік жанды арулардың назарын көздің жауын алатын ою-өрнекпен көмкерілген шебер Роза Нұрмаханованың қолынан шыққан көйлектер еріксіз өзіне аударды.

Қостанайда ерекше фестиваль өтті

Киелі қазақ жері өз Отаныма Өзбекстаннан көшіп келгеніме бір ай ғана болды. Қазір «қандас» деген мәртебем бар. Азаматтық алған соң өз кәсібімді кеңейткім келеді. Қазір үйде отырып тапсырыспен қыз-келіншектерге арналған киім-кешек, қыз жасауы, ер азаматтардың  шапандарын тігіп жатырмын. Сахналық киімдерге де тапсырыс қабылдаймын. Өз шеберханамды ашсам, тұрақты тұтынушыларымның қарасы мол болатынына сенімдімін, – дейді Роза Нұрмаханова.

Қостанайда ерекше фестиваль өтті

Фестиваль аясында қазақтың түрлі салт-дәстүрінен  сыр шертетін көріністер қойылды. Сонымен қатар, көрермендер арулар арасында өткен «Ұлт асылы-2022» сұлулық пен таланттар байқауының финалдық кезеңін тамашалады. Онда сынға түскен сымбатты арулар ән айту, би билеу және ұлттық аспаптарда ойнау секілді өнерлерін ортаға салды.

Өзгелердің жаңалығы