Қостанайда бір аптадан астам уақыт бұрын жоғалып кеткен 17 жастағы студент Владимир Орелді іздеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін СОБР қызметкерлері еріктілермен бірге Гагарин бөгеті маңындағы қамыс арасын тексерген. Аумақты қарау барысында жасөспірімнің денесі табылған.
Кәмелетке толмаған баланың жоғалу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жедел-іздестіру шаралары барысында оның денесі Гагарин бөгетінің маңындағы қамыс арасында табылды, зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ. Қазіргі уақытта барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Полиция азаматтарды тек ресми ақпаратқа сеніп, тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырады, – деп мәлімдеді Қостанай облыстық полиция департаменті.
Оқиға орнында тиісті қызметтер жұмысын жалғастырып жатыр.