Рудный қаласында он магнит жұтып қойған үш жасар бала қайтыс болғаннан кейін дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Осы іспен айналысып жатқан адвокат Дамир Хамитов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Қылмыстық кодекстің 317-бабы (медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы) бойынша тергеудің басталғанын жазды.
10 магнит жұтып қойған Сашаның өлімі бойынша дәрігерлерге қатысты қылмыстық іс тіркелді. Енді, сот-медициналық сараптама мен фармацевтикалық бақылау комитетінің қорытындысы негізінде тиісті медициналық көмек көрсетпеген дәрігерлер тергеуге алынады. Кінәлі адамдар баланың өлімі үшін жазасын алуы керек?, - дейді Хамитов.
Айта кетері, өткен айда Қостанай облыстық балалар ауруханасының хирургия бөліміне 3 жасар бүлдіршін түскен. Баланы рентгенге түсіргенде бір-біріне жабысып қалған он магнит дөңгелектері анықталды. Дәрігерлер алты магнитті алып шықты. Ал үшеуі ішек қуысына кетіп қалған.
Мамандар бөгде зат өздігімен шығады деп ойлаған. Бірақ олай болмай шықты, балаға шұғыл операция жасалды. Отадан соң бүлдіршіннің жүрегі тоқтап қалған.