Қостанайда әлеуметтік осал санаттарға арналған пәтерлерді әкімдік қызметкерлері бөлісіп алған

20 Сәуір 2023, 19:35
804
Бөлісу:
Қостанайда әлеуметтік осал санаттарға арналған пәтерлерді әкімдік қызметкерлері бөлісіп алған
PHOTO
Фото: автордан

Жылдар бойы Қостанай қаласы әкімдігінің шенді-шекпендері жетім-жесірлерге бөлінген тегін пәтерлерде тұрып келген, деп хабарлайды BAQ.KZ сол өңірдегі тілшісі.

Облыс орталығындағы білдей мемлекеттік қызметкерлердің жалғанды жалпағынан басқан заңсыз әрекеттері өзіне тиесілі заң бойынша мемлекеттен берілетін баспанасын 10 жыл күтіп шаршаған Руслан Қонақбаевтың әкімдікпен соттасу барысында әшкере болды.

Руслан Қонақбаев жастайынан тұл жетім, әрі өзі 1 топтағы мүгедек ретінде Қостанай қаласындағы пәтер кезегіне осыдан 10 жыл бұрын тұрыпты. Содан бері қаншама зәулім үйлер салынып жатса да оның кезегі бір жылжымай қойған. Содан амалы таусылған ол әкімдіктің көлеңкелі істерінің барын сезіп , оларды сотқа беруді жөн санаған. Қазір ол «жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша кезекте тұрған саны 835 екен. Ол бірақ осы кезектегі санның нақты екеніне сенбей отыр.

Бұл іс бойынша соттың екінші отырысында әкімдіктің жіберген өрескел қателіктері туралы Қостанай прокуратурасының 2021 жылғы 8 қаңтардағы заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымын дәлел ретінде ұсынды. Ол сол кезде қала әкімі болып тұрған Қайрат Ахметовке жолданған құжаттарда қарамағындағылардың жалғанды жалпағынан басқаны анық айтылған. Кезекте тұрған жарлы жақыбайлардың құқығы бұзылып, «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысында прокуратура әкімдік тарапынан засыз тұрғын үй берудің көлеңкелі тұстарын анықтапты. Солардың ішінде жетім балалардың құқықтарын бұзу, пәтер бөлу кезінде тиісті талаптарды орындамау фактілері анықталған. Оның сыртында кезекте тұрған адамдардың реттік тәртібі де жиі бұзылып отыр.

Қостанайда әлеуметтік осал санаттарға арналған пәтерлерді әкімдік қызметкерлері бөлісіп алған

Мәселен, кездейсоқ таңдалып алынған бір ғана мерзімді тексеру барысында пәтерлерді заңсыз берудің 14 фактісі анықталды. Мысалы, қала әкімдігі «Юбилейный» шағын ауданында әкімнің көмекшісі Д.Б. Булатовқа, 16-үйден, сондай-ақ облыс әкімдігі энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Д.Б. Бабеновке «Әуежай» шағын ауданында, 24-үйден жаңа пәтерлер заңсыз берілген. Және бұл бір ғана емес. Осыған ұқсас заң бұзушылықтар жетіп артылады, - делінген Қостанай қаласы прокуратурасының бізге берген мәліметтерінде.

Заңсыз берілген пәтерлер мұқтаждарға қайтарылды ма, жоқ па? Ол жағы беймәлім. Сотқа қатысып жатқан Қостанай әкімінің өкілі Алтын Төлекова ол жайында мандытып ештеңе айтқан жоқ.

Талапкердің адвокаты Мила Навасардян тексерулердің таңдамалы екенін атап өтті және жауапкерлерден 2008 жылдан 2013 жылға дейін кезекте тұрғандардың тізімдерін егжей-тегжейлі мәліметтермен қамтамасыз етуді сұрады. Кезек тұрғандардың мәртебесі қандай? Кезектен алып тасталғандардың қандай себебі болды? Кімдер баспана алды деген сұрақтарына әкімдік бірақ ауыз сөзбен жауап берді.

Мұндай көлемде ақпарат ұсыну мүмкін емес. Сонымен қатар, бұл жеке деректерді тарату болып табылады, – деп қысқа қайырды Тұрғын үй бөлімінің өкілі Владимир Моисеенко.

Бір қызығы осы жылдың қаңтар айында Руслан Қонақбаев баспана кезегінде тұрғандардың барлық деректері жинақталған сайтына оны кезектен шығаруды сұраған хат өтінім келіп түскен. Кейін оны Руслан біліп ондай өтінім бермегенін айтқан соң өтінімнің күші жойылған. Бір жағы келіп түскен өтінімде Русланның электронды қолтаңбасы болмаған.

 

Бұл заңсыз пәтер берудегі заң бұзушылықтардың алғышарттары. Өйткені, мен сайтқа кезегімді қарау үшін ғана кіремін,- дейді Руслан Қонақбаев.

Тағы бір қызықты жайт: білім бөлімі есепке қою кезінде Руслан Қонақбаев 3982 нөмірімен кезекте тұрғанын көрсетеді. Сонымен қатар, база 2013 жылы 2162 болғанын көрсетеді. Неліктен деректер әртүрлі? Барлық жылдары оның нөмірі қателіктерге немесе біреудің заңсыз әрекеттеріне байланысты өзгермегеніне кім кепілдік береді?

Өзгелердің жаңалығы