Қостанайда үш жасар бала екінші қабаттың терезесінен құлап кетті. Оның жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бала екінші қабаттағы терезеден құлап кеткен. Оқиға 25 мамыр, сенбі күні түстен кейін жеке үйдің аумағында болған.
Сәби түрлі жарақат алып, Қостанай облыстық балалар ауруханасына жатқызылған.
Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасы баланың жағдайы туралы хабарлады.
"Сағат 13:25-те 2021 жылы туған бала түскен. Диагнозы: тұрғын үйдің екінші қабатындағы терезеден құлап, жарақат алған. Баланың бел аймағындағы жұмсақ тіндер көгерген. Оның жағдайы орташа ауыр".
Ведомство науқастың облыстық балалар ауруханасында толық ем қабылдап жатқанын мәлімдеді.