Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Тобыл өңірінде денсаулық сақтау саласына сүбелі үлестерін қосқан ардагерлер мен дәрігерлер министрліктің арнайы медальдары, төс белгілері және грамоталарымен марапатталды.
Елімізде жылда қалыптасқан дәстүр бойынша маусымның әр үшінші жексенбісі «Медицина қызметкерінің күні» ретінде аталып өтіледі. Осынау ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесіне орай І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының концерт залында қостанайлық үздік дәрігерлер мен медбикелерге құрмет көрсетілді.
Осындай құрметке ие болғандардың арасында 34 жылдан астам уақыт еңбек етіп, оның 28 жылын Қостанай қаласындағы №3 емханада учаскелік дәрігері болып қызмет атқарып келе жатқан Тамара Шиповалова секілді ел алғысын арқалаған жандар да бар.
Мен өзіме бекітілген шағын ауданданның әрбір тұрғынын жатқа білемін десемде болады. Мұндағы еңбектеген баладан еңкейген қарттардың денсаулығының жағдайын бірінші болып хабардар болып отырамын. Жақсы жаңалықтар болса олармен бірге менің де көңілім марқаяды. Анығын айтқанда учаскелік дәрігердің жұмысы қызықты болғанымен, өзіндік қатері мен қиындықтары да жетерлік, - дейді учаскелік дәрігер Тамара Шиповалова.
Тамара Ивановна бұған дейін тек мерекелерде мақтау қағаздарымен марапатталып келіпті. Тәжірибелі дәрігер биылғы мерекеде денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» деген төсбелгісімен марапатталып отыр.
Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов қатысып өңірдің дәрігерлерін мерекесімен құттықтады.
Денсаулық адамзаттың ең жоғары құндылығы. Сондықтан медицина қызметкерлерінің жанқиярлық еңбегі әрқашан сұранысқа ие және қандай құрметке болсада лайықты болып қала береді. Еліміздің әрбір тұрғыны бетпе-бет келген пандемия жылдары сіздің жұмысыңыздың қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет дәлелдеді. Өйткені сіздер өз өміріңізді қатерге тігіп, адамдардың денсаулығы үшін болған майданда алдыңғы шепте болдыңыздар. Сіздің еңбегіңіз шынайы ризашылығыңызды білдіріп, басымызды иеміз, - деді әкім орынбасары Ерлан Спанов.
Нақты деректерге жүгінсек, пандемиямен күрске соңғы екі жылда жергілікті бюджеттен облыстың елді мекендеріндегі ауруханалардың материалдық-техникалық жағдайын жақсартуға 12 млрд теңге, ал күрделі жөндеуге 5 млрд теңгеден астам қаражат бөлініпті.
Жергілікті бюджет есебінен еңбек жолын енді ғана бастаған жас мамандарға көтерме ақы төленуде. Қазір Қостанайдың ауылдық жерлерінде жұмыс істеуге ниет білдірген қызметкерлер үшін 5 млн теңгеге дейін, ал қалалық ауруханаларды таңдағандар үшін 3,5 млн теңгеге дейін көтерме ақы төленуде.