Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Орташа жол жөндеу жұмыстары ұзындығы 28 шақырым болатын «Қарабұтақ-Комсомольское-Денисовка-Рудный-Қостанай» автожолының 515-543,5 км учаскесінде жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қайта жаңғырту жұмыстары аясында жолшылар «Қостанай-Рудный» автожолының оң жағында орташа жөндеу бойынша ауқымды жұмыстарды аяқтады. Дәл қазір тас жолдың сол жағында жол жабындысын салу жұмыстары басталды», - делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, қазіргі уақытта «Қостанай жолдары» ЖШС мердігерлік ұйымы ұзындығы 14 км қолданыстағы жол жабындысын фрезерлеу және ұзындығы 3,5 км тегістейтін қабатты төсеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс нысанына 8 бірлік жол-техникасы мен 32 адам жұмылдырылған.
Биыл орташа жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін 4 жолақты қозғалысы бар І санаттағы автожол толық пайдалануға беріледі.