Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай облыстық Балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерві мектебінің бір топ үздік жас спортшысы көрсеткен жетістіктері үшін түрлі марапатқа ие болды.
Аталмыш игі бастама биылғы Балалар жылы аясында жүзеге асып жатқанын айта кеткен жөн. Бұл күнде талай дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғаған Залим Кувамбаев басшылық ететін облыстың саңлақ споршылар мектебіндегі дарынды шәкірттердің жетістіктерін айтып тауысу мүмкін емес. Бүгін қатарларынан озып шығып, облыстың, қала берді еліміздің намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінген спортшылардың аттары тағы бір рет аталып, құрмет көрсетілді.
Өздеріңіз көріп отырғандай биылғы жылды Мемлекет басшысы Балалар жылы деп атаған болатын. Біздің мектептің басым бағыттары - осы дарынды оқушылардан ертең ел намысы мен абыройын әлемдік дәрежеде асқақтатын саңлақтарды дайындап шығару. Спорттағы жетістік оңайлықпен келмейді. Оны мен жақсы білемін. Осы еңбектің дер кезінде бағалануы ертеңгі табысқа апаратын жол деп қарау керек. Оны біз секілді спорт саласынан шыққан мамандар ғана түсінеді. Бүгінгі жастарға көрсетіліп жатқан құрмет осыны көздейді. Оларға қанат бітіреді, - дейді Қостанай облыстық Балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерві мектебінің директоры Залим Нағашыбайұлы.
Бір кездері халықаралық бәсекелерде еліміздің Әнұраны мен көк байрағымызды желбіреткен ардагер споршының бұл күндегі басшылық салада атқарып жатқан тың бастамасына саңылақ спортшыларды дайындап жүрген жаттықтырушылардың да айтар алғысы шексіз.
Өздеріңіз білесіздер біздің мектептің аты облыста ғана емес басқа мемлекеттерге де барынша танымал. Осы дәрежеге жеткеніміз шәкірттеріміздің арқасы деп білемін. Соған қарамастан білім ордасына білікті басшы болатын маман кездеспей жүрген еді. Енді міне білім ордасының тізгінін білікті спортшы Залим Кувамбаев ұстағаннан бері тамырына қан жүгірді. Соның бір жарқын дәлелі - бүгін болып жатқан жас спротшыларды қаржылай марапаттау. Бұл жастарға үлкен шабыт беріп, жігер сыйлайды. Сондықтан қай салада болмасын басшылық етуге оның қыр-сырын білетін адам келуі керек, - дейді талай шәкірттің бағын ашып, бабын тапқан білікті жаттықтырушы Берік Жаманқұлов.
Осы орайда спорт саласының қыр-сырын жақсы білетін тәжірибелі жаттықтырушының сөзін енді ғана жеңістің дәмін таптып жүрген жастар да қолдайды.
Мен үшін бұл Балалар жылында жасалып жатқан сыйлықтардың ішіндегі ерекшесі. Себебі бүгін өзім білім алып жүрген мектебім маған құрмет көрсетті. Бұл қолдау алда болатын халықаралық жарыста жеңіске жетуіме күш береді. Сондықтан мен ұстаздарымның үмітін ақтауға бар күшім саламын, - дейді бокстан қыздар арасындағы облыстың чемпионы Рамина Мұқанова.
Сондай-ақ, дарынды шәкірт баптап жүрген жаттықтырушылар да назардан тыс қалмады.