Қостанай облысында Тәуелсіздік күні қарсаңында өндіріс және әлеуметтік саладағы бірқатар жаңа нысан пайдалануға берілді. Соның бірі – Бейімбет Майлин ауданында іске қосылған өңірдегі алғашқы күн электр станциясы, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Биыл мамыр айында басталған жобаның жалпы құны 7,2 млрд теңгені құрады. Күн электр станциясы кен орнында «жасыл» энергетиканы дамытуға бағытталған. Нысанның іске қосылуы жанама парниктік газ шығарындыларын 50%-ке дейін қысқартып, өңірлік энергожүйеге түсетін жүктемені азайтады.
Solidcore Resources PLC компаниясының бас атқарушы директоры Виталий Несистің айтуынша, жоба тұрақты даму қағидаттарына сай жүзеге асырылған.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай өңірі жаңартылатын энергия көздерін дамытуда алдыңғы қатарда екенін атап өтті.
2023 жылға дейін бір жергілікті электр станциясы жұмыс істеген еді. Ол Қостанай ауданында орналасқан станция. Екі жыл бұрын Арқалықта 50 МВт өңдейтін тағы бір жергілікті электр станциясы қосылды, - деді Құмар Ақсақалов.
Қазіргі таңда облыста алты энергетикалық жоба іске асырылып жатыр.