Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілішісі. Қостанай облысында коронавирус індетіне байланысты 2500 адам карантинге жатқызылды. Бұл туралы Қостанай облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Орал Бекмағамбетов онлайн брифинг барысында атап өтті.
Қостанай облысы тұрғындарының арасында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың шиеленісуіне байланысты облыс аумағында індеттің таралуының алдын алу мақсатында Қостанай облысының бас санитарлық дәрігері облыста карантинді енгізу қаулысына қол қойды. Облыс аумағында 2020 жылдың 17 сәуір сағат 00.00-ден бастап карантин режимі енгізіледі. Қазақстанда 2,5 айдан бері коронавирус инфекциясы таралып кеткендігін білесіздер. Және күн сайын осы індетті жұқтырған оқиғалар тіркеліп жатыр. Бастапқыда бізде мұнай жағдай тіркелмеген еді. Бірақ кесел біздің облысымызды да айналып өтпеді. Үш тұрғынымыз демалыста болып, осы індетті жұқтырып келді. Олар дер кезінде инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Осыдан екі күн бұрын осы індетті жұқтырған бір отбасы анықталды. Соңы өкінішке орай, қайғымен аяқталды, - деді департамент басшысы.
Сонымен қатар, брифингте Қостанай облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тұрғындарды коронавирус індетінен сақтау үшін бірнеше сақтық шарасы мен алдын алу іс-шараларын қолға алғандығы туралы сөз қозғалды.
2500 адам карантинге жатқызылды. Солардың ішінде 142 адамды стационар бөліміне орналастырдық. Оларға қажетті тексеру шаралары жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 5 адам коронавирус індетін жұқтырған, - деді Орал Бекмағамбетов.
Айта кеткен жөн, Қостанай облысы маңынан төрт жол өткелі өтеді. Департамент басшысы соған байланысты карантиндік посттар қойылып, өткен-кеткен адамдар тексерістерден өтіп жатқанын айтты.
Бәріңіз білесіздер, Қостанай облысы шекаралық облыс болып табылады. Соған сәйкес облыс маңынан төрт жол өткелі өтеді. Оның біреуінен Қазақстан бойынша жүк көліктері 95 пайыз тауарлар тасымалдайды. Әр постта санитариялық тексерістер жүргізіледі. Мысалы, сол өткелдің біреуі арқылы күніне 400-500 адам күнделікті қатынайды. Соған сәйкес, қазіргі таңда бұны да қатаң қадағалауға алып отырмыз, - деп ескертті департамент басшысы.