Қосшыға баратын LRT желісінде тіректерді орнату жұмыстары 97 пайызға орындалды

19 Қазан 2026, 17:00
АВТОР
 visitastana 19 Қазан 2026, 17:00
19 Қазан 2026, 17:00
122
Фото: visitastana

Қосшы қаласына қарай тартылатын LRT желісінде 294 тірек орнатылып, 385 эстакада құрылымы монтаждалған. Бұл туралы Астана әкімі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, LRT іске қосылғалы бері жолаушылар 11,5 миллионға жуық сапар жасаған. Қала басшысы жаңа көлік түрі астаналықтардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келе жатқанын атап өтті.

Құрылыс қалай жүріп жатыр?

Қосшы қаласы бағытында тіректер, эстакада конструкциялары мен станциялар салу жұмыстары жалғасуда.

Бүгінге дейін құрылысшылар 294 тірек орнатқан. Бұл -  жоспарланған көлемнің 97 пайызы. Сондай-ақ 385 эстакада конструкциясы монтаждалған, яғни жалпы жұмыстың 73 пайызы орындалған.

2026 жылдың соңына дейін №401, №402 және №403 станциялардағы бетондау жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр.

Тағы сегіз станция қайда салынады?

LRT-дің екінші бағыты Жағалау шағын ауданына қарай тартылады. Мұнда сегіз станция салу көзделген.

Геологиялық іздестіру жұмыстары аяқталған. Қазір жұмысшылар қоршаулар орнатып, инженерлік желілерді көшіру және қайта тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары басталады.

Оң жағалауда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

LRT-дің тағы бір желісін «Астана-1» теміржол вокзалына қарай тарту жоспарланған. Бұл бағытта №201 ауысып міну станциясын қоса алғанда, тоғыз станция қарастырылған.

Әкімнің мәліметінше, геологиялық іздестіру жұмыстары аяқталған. Қазір Сығанақ көшесінің бойында, Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарының арасында №201 және №301 станцияларды байланыстыратын ауысып міну торабының құрылысы жалғасып жатыр.

Қазақ радиосы көшесі мен Қабанбай батыр даңғылы арасындағы учаскеде екі тірек бетондалған. Сонымен қатар қадалар мен тіректердің негізі болатын ростверктерді орнату жұмыстары жүргізілуде.

Қалған учаскелерде құрылысшылар жұмыстың келесі кезеңіне дайындалып жатыр.

LRT желісі қалай дамиды?

Жобаның екінші кезегі аясында желіні бірден үш бағытта кеңейту көзделген. Тіректер мен эстакада конструкцияларының құрылысқа дайындық деңгейі бойынша Қосшы бағытындағы учаске алда келеді.

Тағы оқи отырыңыз:

Tarlan Astana Қосшыға бет алды: Желі құрылысында алғашқы арқалық орнатылды

ЛРТ, Жылу электр орталықтары және әуежайлар: 2026 жылы Қазақстанда қандай ірі нысандар іске қосылды?

Наверх