Қосшыда 2 жасар бала балабақшада жалғыз қалып қалған

14 Сәуір 2022, 16:44
4386
Бөлісу:
Қосшыда 2 жасар бала балабақшада жалғыз қалып қалған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысының Қосшы қаласында тәрбиеші баланы балабақшада қалдырып кеткен. Ақмола облысы білім басқармасы оқиғаға түсінік берді.

Видео авторы жіберген кадрда тәрбиешінің баланы құлыптап, тастап кеткенін көрсеткен.

Тәрбиеші таксимен үйінен келді. Бала бұтына жіберіп қойған, іште жатыр. Оны ұмытып кететін де балабақша болады екен ғой? Жауапкершілігі жоқ па?, – дейді видео авторы.

Ақмола облысы білім басқармасының баспасөз қызметі оқиға 12 сәуірде болғанын хабарлады. «Болашақ» жекеменшік балабақшасының тәрбиешісі 2 жастағы Мейіржанды балабақшада қалдырып кеткен.

Сағат 18:40-та тәрбиеші балаларды шағын автобусқа отырғызып жатқанда, Мейіржан топқа оралған, оны балабақшаның ішкі бақылау камераларындағы жазба дәлелдейді. Тәрбиеші Мейіржанның жоқ екенін 19:20-да, ағасына тапсырарда байқаған. Кейін бірден анасына хабарласып, кешірім сұраған. Содан балабақшаға барып, балабақша холында ұйықтап қалған Мейіржанды көрген, – делінген хабарламада.

2 жасар баланың анасы полицияға шағымданбаған.

13 сәуірде білім бөлімі осы деректі анықтау бойынша жұмыс тобын құрды. Тексеру қорытындысына сәйкес, жұмыс тобының ұсынысы бойынша құрылтайшы Жұмабай меңгерушісі Балтабаеваға қатаң сөгіс жариялады. Ал тәрбиеші Абдуалиева жұмыстан шығарылды, – деді білім басқармасындағылар.

Бүгінде ҚР 119-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Өзгелердің жаңалығы