Биыл мемлекеттің экономикадағы үлесі 14%-ға дейін қысқарды, 600 мыңнан астам отандасымыз жұмысқа орналастырылды, бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысының Жолдаулары қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы Премьер-министр Әлихан Смайылов Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының кеңейтілген отырысында баяндады.
Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов фракцияның кеңейтілген отырысын аша отырып, былтырғы референдумда халық Мемлекет басшысының саяси реформаларын толық қолдағанын және жаңарған Ата Заң ауқымды өзгерістердің бастауы болғанын атап өтті.
Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысы әр Жолдауында елімізде әділдік пен демократия принциптерін орнықтыру және нығайту жолында жүйелі түрде, кезең-кезеңімен жағдай жасап келе жатқанын алға тартты.
Мемлекет басшысының бастамасымен биыл алғаш рет жеңіске жеткен партия Премьер-министрдің кандидатурасын ұсынды. Бүгін жаңа саяси маусымның қарсаңында біз тағы бір дәстүрді бастағалы отырмыз. Алғаш рет фракция отырысында Президенттің жолдаулары мен сайлауалды бағдарламаларының орындалуы жөнінде Премьер-министрдің ақпаратын тыңдайтын боламыз. Сондықтан басым дауысқа ие болған партия ретінде фракция отырысына Үкімет басшысын арнайы шақырып отырмыз, – деді Ерлан Қошанов.