Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін өте маңызды заң қабылдадық. Бұл құжат Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, заң үстемдігі мен тәртіпті қамтамасыз етуге тікелей бағытталған, - деді ол.
Қошанов отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылық қоғамда жиі талқыланатын өзекті және өте өткір мәселе екенін айтты.
Осы мәселені құқық қорғаушылар мен депутаттар ғана айтып жүрген жоқ. Әйелдер мен балалардың қорғансыздығы жайындағы мәселе БАҚ-та, әлеуметтік желіде өте жиі көтеріліп жүр. Агрессорлар мен абьюзерлердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегіп жатыр. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатайтуды жұртшылық көптен бері талап етіп келеді. Енді жаңа заң бойынша мұндай қылмыстар үшін қатаң шаралар қолданылады. Ол өте орынды, - деді Мәжіліс спикері.
Төраға атап өткендей, әйелдер мен балаларға күш көрсетуге, агрессия мен зорлық-зомбылыққа жол бермеуіміз керек.
Ата-дәстүрлерімізді берік ұстанып, ерлі-зайыптылар арасында шынайы құрмет, сыйластық пен балаларға деген қамқорлық орнығуы қажет. Өте ауқымды жұмыс атқарылды, - деп айтты ол.
Ерлан Қошанов заңды әзірлеуге, қабылдауға қолдау көрсеткен депутаттарға, сарапшылар мен мемлекеттік органдарға алғысын білдірді.
Бүгін Мәжіліс әйелдер мен балалардың құқықтарына қатысты заңды қабылдағанын еске сала кетейік.