Қошанов: Әділетті Қазақстан - қоғамның сұранысынан туындаған қажеттілік

Бөлісу:
Қошанов: Әділетті Қазақстан - қоғамның сұранысынан туындаған қажеттілік
Фото: BAQ.KZ архив

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Президенттің жасаған реформалары жайлы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осыдан үш жыл бұрын, дәл осы залда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа тарихи Жолдауын жариялады. Ол уақыт әлем үшін де, Қазақстан үшін де алмағайып, күрделі сынақтардың кезеңі болғанын білесіздер. Пандемия індеті дүрбелең туғызды. Жаһандық және аймақтық қақтығыстар, санкциялық соғыстар белең алды. Біздің елге де оңай тиген жоқ, - деді Қошанов пленарлы отырыста.

Оның айтуынша, науқаншылдықтан, жасандылықтан қажыған қоғамның өзі екіұдай көңіл-күйде болды. Тіпті, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығына қатер төнген сәттерді бастан өткердік. 

Алдымызда күрделі жол, күрмеулі таңдау тұрды. Соның бәріне қарамай, сын сағатта Президентіміз елмен бірге болып, қиындықтарды абыроймен еңсердік. Мемлекет басшысының үш жыл бұрынғы “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” атты халыққа Жолдауы сын-қатерлерге берілген кесімді әрі нақты жауап болды. Шын мәнінде, Жаңа, Әділетті Қазақстан қол жетпес арман емес. Ол – халқымыздың талап-тілегінен, қоғамның сұранысынан туындаған қажеттілік, өмірдің шындығы, - деп айтты Мәжіліс спикері.

Қошанов әлемде жетістікке жетудің әмбебап моделі жоқ, тек жалпыға ортақ принциптер ғана бар екенін айтты. Ол – әділдік, еркіндік және даму.

Президент қолға алған реформалардың да түпкі мәні – осы. Біз қазір мүлде жаңа, өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сол тарихи үдерістердің куәгері әрі қатысушысы бола тұра, оның маңызын әрдайым терең сезіне бермейміз, - деп айтты.

Өзгелердің жаңалығы