Қос ардагерге құрмет көрсетілді

18 Қыркүйек 2022, 17:19
1336
Бөлісу:
Қос ардагерге құрмет көрсетілді

Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның Ақпараттық-насихаттық тобы “Қазақстан Республикасына қызмет етемін!” туры барысында сұрапыл соғыс жылдарында қан майданның алдыңғы шебінде болған қос ардагерге құрмет көрсетті. 

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің бірі — Қарағанды қаласының тұрғыны 97 жастағы Мария Шинкевич. Екінші ардагер — теміртаулық Николай Куриленко. 

Бүгінгі ұрпақ қазіргі тәуелсіз  Қазақстан елінде, ашық аспан астында алаңсыз, бейбіт өмір кешуде. Мұндай еркіндік бақытын біздерге адамзат тарихындағы ең жойқын соғыста бұғанасы бекімей қолына қару алып, қасық қаны қалғанша күрескен аға ұрпақ сыйлады. Сондықтан біздің жарқын келешегіміз үшін от пен оқтың ортасында болған ардагерлерімізді қалай жәнп қанша ардақтасақ та жарасымды! Тыныштық күзетіндегі барша Ұлттық ұлан жауынгерлері атынан ерліктеріңізге бас иіп, рахмет айтамыз. Ұлы Жеңістің белгісі болып, арамызда аман-сау жүре беріңіздер, - деді Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов. 

Халық Қаһарманы батыр ардагерлерге әскердің Бас қолбасшысы генерал-майор Еркін Ботақановтың атынан алғыс хаттар мен сый-сияпаттар табыстады. 

Атам биыл 95 жылдығын тойлады. Ұлттық ұланның үнемі құрмет көрсетіп, көмек қолын созып жүрген Теміртаудағы 5516 әскери бөліміне алғыс айтамыз. Бүгін де келіп, мерекелік көңіл-күй сыйлап жатырсыздар. Атам Жеңіс әндерін тыңдап, ерекше марқайып қалды! - дейді Николай Семеновичтің немересі Карина.

Ақпараттық-насихаттық топ ардагерді, оның ұрпағы мен көршілерін Теміртау қалалық Мәдениет үйінде өтетін Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің концертіне шақырды.

Концертті сондай-ақ, әскерилер мен олардың жақындары, өзге де ардагерлер, қала тұрғындары мен жастары тамашалай алады.

 

Өзгелердің жаңалығы