Мәжілісте Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда таныстырылды. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин кім салық төлемейтінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексінің жобасын түсіндірді.
Енді орта және шағын бизнеске арналған арнаулы салық режимі болады. Енді ол оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі деп аталады. Кіріс лимиті – қазіргідей 600 мың айлық есептік көрсеткіш болып сақталады. Қызметкерлер саны бойынша шектеулер алынып тасталады. Мөлшерлеме - 4% және оны мәслихаттар 50%-ға дейін төмендетуі мүмкін, - деді ол.
Үкімет режимді тек белгілі бір қызмет түрлеріне қолдануды ұсынды және басты шарт – тек B2C операциялары.
Бұл ретте В2В операциялары арнаулы режим шеңберінде ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Егер жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін салық төлеуші тауарды немесе қызметті "арнаулы режимшіден" сатып алса, онда оның мұндай шығындарды шегеруге құқығы жоқ.
Қызмет түрлерінің санын Үкімет реттейді. Осылайша, "үй жанындағы" дүкендер, шаштараздар және халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер осы шарттарға сәйкес келеді және қосылған құн салығын төлеуші болмайды. Оларға қорқудың қажеті жоқ, - деп айтты Жұманғарин Мәжілісте.
Жаңа Салық кодексінде ҚҚС мөлшері – 16%, ал ҚҚС шегі 40 миллион теңге деп белгіленбек.