Бұл туралы бүгін өткен Сенат отырысында депутат Нұржан Нұрсипатов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттық сауалында сенатор еліміздің қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту проблемаларын көтерді.
Айтуынша, ол бұған дейін ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша Үкіметке сауал жолдаған. Осылайша, қорғаныс-өнеркәсіп кешеніне жататын кәсіпорындарды жекешелендіру жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ қорғаныс өнеркәсібіне мемлекеттің бақылауын жоғалтуға әкеп соғуы мүмкін шешімдер қабылдауға тыйым салуды белгілеуді ұсыныпты.
Көріп отырғанымыздай, табыс әкеліп отырған немесе жарғылық капиталы өткен жылдар ішінде тек еліміздің бюджеті есебінен толықтырылған кәсіпорындар сатуға шығарылды. Бүгінгі таңдағы рәсімдер бойынша сауда-саттық өтпеді деп танылған жағдайда оларды бағалау құнының жартысына тең бағамен сатуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты бірінші кезекте оқшаулау дәрежесі елу және одан да көп пайызды құрайтын қорғаныс кәсіпорындарын қолдау қажеттігі туындап отыр, - деді Нұржан Нұрсипатов.
Сенатор осыған байланысты Үкіметке жекешелендіру жоспарларын мемлекеттік бақылауды толық немесе ішінара сақтай отырып қайта қарау қажет деп есептейді. Сондай-ақ мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу жөнінде бірыңғай мемлекеттік саясатты әзірлеу туралы бастама айтылды.