Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс министрлігінің Әскери медицина орталығы халықаралық стандарттарға сай аккредиттелді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Мекеме ұлттық, еуропалық және халықаралық білім беру стандарттарына лайық деп танылды. Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі Тәуелсіз агенттіктің (IQAA) растауы Әскери медицина орталығына бірқатар артықшылықтар бермек.
Осылайша, Қарулы Күштердің медициналық персоналын қосымша білім беру туралы Орталыққа берген куәліктері аккредиттеу арқылы расталады. Госпитальдің және әскери медицина қызметкерлерінің Ұлттық тәуелсіз емтихан орталығында біліктілік санаттарын алуға немесе растауға мүмкіндігі бар.
Бұдан басқа халықаралық стандарттарға сәйкес аккредиттеу мекеменің біздің еліміздегі білім беру және әскери медицина жүйесіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Әскери медицина орталығы бұл рәсімнің үш кезеңде өткенін айтты. Орталық мамандарымен қызметке талдау жүргізілді, тиісті оқу-әдістемелік бағдарламалар мен кешендер әзірленді. Содан кейін мекеменің жұмысын арнайы сарапшылар тобы бағалады.
Халықаралық сарапшылардың қатысуымен қорытынды кезеңде аудит жүргізілді. Олардың есебі Қорғаныс министрлігінің Әскери медицина орталығын аккредиттелген оқу орындардың ұлттық тізіліміне енгізуге негіз болды.
Әскери медицина орталығы дәрігерлік құрамның, орта медициналық персоналдың біліктілігін арттыру және курстық даярлау түрінде қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратынын атап өткен жөн. Жыл сайын мекемеде де, көшпелі топтарда да 900-ге жуық тыңдаушы оқиды. Олардың арасында Қарулы Күштердің, Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен азаматтық персоналы бар.