Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков Сенатта өткен брифингте Қазақстанда әскерге жаппай күшпен мәжбүрлеп шақыру туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, мұндай жағдайлар бірлі-жарым ғана кездеседі.
БАҚ өкілдері шенеуніктен жастарды күштеп ұстап, мәжбүрлі түрде көліктерге мінгізу оқиғалары қашан тоқтайтынын сұрады. Мұндай әрекеттерді жұртшылық «ұрлаумен тең» деп бағалап жатқанын да атап өтті. Бұған жауап ретінде Асқар Мұстабеков мұндай оқиғалардың жекелеген сипатта ғана екенін айтып, әскери қызметті өтеуге ниетті еріктілер әлдеқайда көп екенін жеткізді.
Бүгінгі күнге дейін 40 000-нан астам адам әскер қатарына шақырылды. Соның ішінде 40 000-ы өз еркімен конституциялық борышын өтеу үшін мемлекеттік органдарға келді. Мұндай оқиғалар бірлі-жарым ғана. Әңгіме әскерге шақыру жасындағы, өз жауапкершілігінен жалтарып жүрген жастар туралы болып отыр, – деді Мұстабеков.
Ол қазіргі уақытта хабарландырудың цифрландырылған жүйесі жұмыс істейтінін де атап өтті. Яғни азаматқа үш мәрте SMS-хабарлама жіберіледі. Осыдан кейін де келмеген жағдайда ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен мәжбүрлеп жеткізу шарасы қолданылады.
Бұл мәселелермен әкімдіктердің инспекторлары мен полиция қызметкерлері айналысады, олар әскерге шақырылушыларды әскери органдарға жеткізеді.