Қорғаныс министрінің жанармай ұрлығына қатысы бар ма?

5 Маусым 2023, 13:24
1333
Бөлісу:
Қорғаныс министрінің жанармай ұрлығына қатысы бар ма?
Фото: автордан

«Men mediakz» кросс-медиа платформасында «Сыбайлас жемқорлықтың «құдайы»: Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Ұлттық ұланының бұрынғы Бас қолбасшысы ретінде отын ұрлауға қатысты ма?» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Баспасөз конференциясының негізгі себебі 2018 жылы Астана қаласы маңындағы Қараөткел ауылында 5571 және 3656 әскери бөлімдерде жанар-жағармайдың ұрлануы. Осы іске Ұлттық ұланның бұрынғы кадрлық әскери қызметшісі, отставкадағы подполковник Нұржан Жақсыбаев айыпталушы болған.

Мен өз өмірім үшін алаңдаймын. Мені әлдекімдер құрбандыққа шалғысы келеді. 2017 жылдан бастап Ұлттық ұланында жанар-жағармай материалдарын ұрлау схемасын әзірлеген және ұрланған ақшаның түпкі бенефициарларын қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етемін, - дейді Ұлттық ұланның бұрынғы кадрлық әскери қызметшісі, отставкадағы подполковник.

Бірақ өзінің ешқандай қылмысқа қатысы жоқ екенін айтады. Нұржан Жақсыбаев сол кездегі лауазымына 2020 жылдың 15 шілдесінде Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында Тыл басқармасында жанар-жағармай қызметінің басшысы болып тағайындалған.

Әскери бөлімдерде 2018 жылдан бастап жанармай ұрлана бастаған. Сараптама 2018 жыл деп жазғанымен, олар бізді айыптаған кезде 2020 жылдан бастап жазуды бастады. ІІМ 2018 жылдан бастап тексеру туралы бұйрық шығарады. Бірақ сараптама 2020 жылдан басталады. Не үшін 2018 жылдан бастамайды? Себебі мен осы қызметке 2020 жылы тағайындалдым. Ал мен ол уақытқа дейін РФ, Санк-Петербург қаласында жанұяммен бірге оқуда болдым. Елге келген соң мені қандай қызметке қоятынын білген жоқпын. Лауазымға тағайындалғанға дейін бұл қызметте ешкім болған жоқ, - дейді ол.

Оның айтуынша, отынның жетіспеушілігі туралы факт ресми түрде болмаған. 2022 жылы ұрлық фактілері анықталды. 2018 жылдан бастап ұрланған жанар-жағармай жалпы құны 488 308 866 теңге. Оның ішінде  280 420 556 теңгенің авиаотыны ұрланған. Қылмыстық істің басында 100-ге жуық адам болған. Ұрланған отын екі есе төмен бағамен сатылған. Олардың арасында кәсіпкерлерде бар.

Сондай-ақ, жанар-жанармайды өз үйін жылыту үшін пайдаланған тұлғалар да болған.

Бұл жанар-жағармайды пайдаланған Ұлттық ұлан Бас қолбасшының орынбасары Жандос Омарқұловтың үйі болды. Әскери бөлімнен талонмен жанар-жағармай алып, үйіне пайдаланған. Сондай-ақ қазіргі Қорғаныс министрі Жақсылықов сол кезде Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы болды. Осы әрекеттерді біле тұра ешқандай әрекет жасамады, - дейді Ақмола облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Самат Сырлыбаев.

Нұржан Жақсыбаев осы отынды сатып алған алушыларды, яғни отын өткізілген «Қызылсуат» және «Қаражар» карьерлерінің иелерін, сондай-ақ Астананың жанармай құю станцияларының қызметкерлерін қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрайды.

Өзгелердің жаңалығы