Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов басшылық еткен Қорғаныс министрлігінің комиссиясы Тараз гарнизонына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Комиссия құрамында Қорғаныс министрінің орынбасарлары генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев, генерал-майор Мұхамеджан Таласов, Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Талғат Қойбақов, сондай-ақ Инженерлік әскерлер, Радиациялық, химиялық, биологиялық қорғау және экологиялық қауіпсіздік департаменттерінің, Әскери инфрақұрылым бас басқармасының өкілдері бар.
Генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов Тараз гарнизонының инфрақұрылым нысандарымен танысып, әскери бөлім командирлерінің бөлімшелердің мақсаттары мен міндеттері, олардың жасақталуы, жарақтандырылуы, жауынгерлік мүмкіндіктері, инфрақұрылымы мен даму көкжиегі, ағымдағы жай-күйі және проблемалық мәселелері туралы баяндамаларын тыңдады.
Байзақ ауданындағы әскери бөлімде министрге техникалық аумақты жарылыс қаупі бар оқ-дәрілердің қалдықтарынан тазарту туралы баяндалды. Оқиға салдарларын жою бойынша біріккен жасақтың күшімен Қайнар разъезінің, әскери қалашықтың, ұзындығы бес шақырым теміржол және автомобиль жолдары, сондай-ақ әскери бөлімнің іргелес аумақтары тазартылды. Инженерлік оқ-дәрілер базасының аумағы түгелдей тазартылды. Жарылыс қаупі бар заттар мен металл сынықтарының бөлшектері арнайы жабдықталған алаңдар мен жинау пунктіне жеткізілді. Ашық сақталатын жеті алаң тазартылып, оқ-дәрі қалдықтары жарылыс алаңына әкетілді.
Комиссия осы айда қайта басталатын тазалау жұмыстарын жалғастыру дайындығын тексерді. Өткен жылдың тамыз айында болған жарылыста хабар-ошарсыз кеткен кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевты іздестіру жұмыстарын жалғастыруға ерекше назар аударылды. Бұл жұмысты «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелері мен Ұлттық ұланның жеке құрамын жұмылдыра отырып жүргізу жоспарлануда.
Қорғаныс ведомствосының басшысы қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеу процесімен танысты, сондай-ақ ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың мамандарын даярлау орталығында болды.
Қорғаныс министрі Қазақстан Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы қойған міндеттер аясында бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік даярлығын қажетті деңгейде ұстау, сондай-ақ аумақты қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтай отырып тазарту жұмыстарын жалғастыру жөніндегі міндеттерді белгіледі.