Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына келген ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев тілшілерге Қордайдағы төбелеске қатысты жаңа ақпаратпен бөлісті.
Бүгінгі таңда жүздеген адамдардан жауап алынды. Осы төбелеске қатысушылардың әрқайсысының рөлін қамтамасыз етуге бағытталған процедуралық іс-шаралар жүргізілуде. Негізгі тексерулер жүргізілді. Енді барлық қажетті процедуралық дәлелдер алынғаннан кейін кінәлілер жауапқа тартылады, - деді Қожаев.
Оның айтуынша, қазіргі кезде Қордайдағы жаппай төбелеске байланысты 90 қылмыстық іс қозғалған.
Қылмыстық істер өте көп. Күн сайын көбейіп келеді. Өйткені жаңа фактілері анықталып жатады. Бүгінгі күнге дейін шамамен 90 қылмыстық іс қозғалды. Соның ішінде адам өлтіру, жаппай тәртіпсіздіктер, қарақшылық пен ұрлық әрекеттері бар, - деді вице-министр.
Қожаев ұсталғандардың жалпы санын кейінірек жариялауға уәде берді, өйткені осы кезеңде тергеу әрекеттері мен процессуалдық дәлелдемелер жинақталуда.
Біз қамауға алынған адамдардың санын жасырып отырған жоқпыз. Уақыты келгенде бәрін айтамыз. Полицияға бағынбаған жанжал шығарушылардың арасында үш адам ұсталып, олардың ісі сотқа жолданды. Осы оқиғаға себеп болған - 80 жастағы қарт адамды ұрып-соққан кінәлілер де сол жерден табылды. Олар бұл күндері қамауға алынды. Ал арандатушыларға қатысты барлық материал жинақталып жатыр. Бұл туралы кейінірек айтамыз, - дейді ішкі істер министрінің орынбасары.
Айта кетейік, 7 ақпанда Жамбыл облысына қарасты Қордай ауданының Масанчи ауылында этникалық жаппай төбелес болып, салдарынан 10 адам қаза болды, 185 адам түрлі дене жарақатын алды. Одан кейін Масанчи ауылында үйінді астынан күйіп кеткен адамның мәйіті табылған.