Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Жамбыл облысы Қордай ауданында бүгіннен бастап мектеп, балабақшалар штаттық режимдегі жұмысына қайта көшеді.
Жергілікті мұғалімдер күнделікті жұмысқа шығып, оқушылар оқу бағдарламасын жалғастырады. Сонымен қатар, зардап шеккен тұрғындарға әлеуметтік-гуманитарлық көмек беру шаралары да басталды.
"Хабар 24" хабарлауынша, Қордайда түн қалыпты өткен.
Мұнда жұмыс түні бойы тоқтаған жоқ. Құқыққорғау органдары, Ұлттық ұлан сарбаздары, төтенше жағдай саласының қызметкерлері тыныштықты күзетіп шықты. Бір сөзбен айтқанда, жағдай тұрақты. Сондай-ақ, өткен түні Сортөбе ауылына алғашқы гуманитарлық көмек келіп жетті. 5 тонна ұн, 1,5 май, 2 тонна қант, 2 тонна күріш, балаларға жаялық, жылы киімдер, 10 мың дана дәрі-дәрмек Жамбыл ауданынан жіберілген. Бұл заттарды Жалпақтөбе ауылының тұрғындары жәрдем, "демеу болсын" деп ерікті түрде жинапты. Жеткізілген заттар штабқа түсірілді. Енді шетінен қажет болған жағдайда көмекке мұқтаж жандарға тарату шаралары ұйымдастырылады. Бүгін кешке дейін тұрғындар тарапынан қосымша тағы "10 тоннадай азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттар жеткізіледі" деп күтіліп отыр. Жалпы бүгін мектеп, балабақшалар жұмыс істей бастайды. Кеше білім ошақтары мен мектепке дейінгі білім беру мекемелері әзірленіп, балаларды қабылдауға дайын тұр. Қазір аудандық білім бөлімінің мамандары мектептерді аралап, жағдайды көріп, бағамдап қайтпақ, - делінген хабарламада.Еске сала кетейік, Қордай ауданындағы жаппай төбелестен 10 адам қаза тауып, 40-тан астам жарақат алған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы оқиғаға байланысты арнайы мәлімдеме жасаған болатын. Президент қаза болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Ол полиция мен Ұлттық ұлан бұл жағдайды бақылауға алғанынын айтты.
Қордайдағы төбелестен кейін, шекара күзеті күшейтілді.
Жамбыл облысындағы жаппай төбелес бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы да хабарланды.
ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди 7 ақпандағы Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы жаппай төбелестің қалай басталғанын айтты.