Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қор мен элиталы өмір тарихы: Перизат Қайрат ісінде белгілі болған мән-жайлар

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
15 Шілде 2025, 16:33
1641
Бөлісу:
 BAQ.KZ  коллаж
Фото: BAQ.KZ коллаж

Ел назарын аудартқан қылмыстық істің негізгі сот отырысы 14 шілдеде басталды. Айыпталушылар орындығында — қоғам белсендісі ретінде танылған Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаева. Прокуратура оларды аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп айыптап отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

“Biz Birgemiz Qazaqstan 2030”: Қоғамдық қордың тарихы

2021 жылдың қазан айында тіркелген бұл қор алғашында “Biz Birgemiz” атауымен тіркеуден өткізіліп, кейіннен «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» болып өзгертілген. Қоғамдық ұйым ретінде тіркелуі үшін кемінде үш азаматтың бастамасы қажет болатын. Алайда прокуратура ұсынған мәліметтерге сәйкес, құрылтайшылардың қолтаңбалары жалған болып шықты.

Перизат Қайрат Астанадағы әділет департаментіне құжат тапсыру үшін он адамның аты-жөнін көрсетіп, олардың қолдарын өзі қойған. Кейбірі бұл туралы кейін тек бұқаралық ақпарат құралдарынан білгенін айтты.

Айта кетейік, 2025 жылдың 12 наурызында Астананың экономикалық соты қордың заңсыз тіркеу фактілері негізінде — құрылтайшылардың қолы жалған қойылғаны үшін — "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" ұйымын мәжбүрлі түрде таратты.

Қайырымдылық атын жамылған алаяқтық

Қордың басты мақсаты — табиғи апаттардан, әлеуметтік қиындықтардан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету. Осы ұранмен олар бірнеше науқан ұйымдастырып, барлығы 3,5 миллиард теңгеден астам қаражат жинаған.

Instagram мен TikTok желілерінде эмоциялық бейнероликтер арқылы халықты жедел көмекке шақырып, “Біз біргеміз” деген таныс ұранмен қолдау тапты. Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттың басым бөлігі жеке мақсаттарға жұмсалғаны анықталды.

Миллиардтар қайда кетті? Ақшаның жұмсалу хроникасы

Айыптау тарапының деректері бойынша, жиналған қаржы төмендегі бағыттарда жұмсалған:

  • Астана қаласындағы жылжымайтын мүлікке:
    • Akbulak Rivera тұрғын үй кешенінен — 93 млн теңгеге пәтер
    • Highvill Ishim Gold кешенінен — 205 млн теңгеге пәтер мен автотұрақ
    • Sensata Plaza мен Vela Village кешендерінен бірнеше нысан
  • Көліктерге:
    • Lexus LX 600 – 80 млн теңге
    • Mercedes-Benz S 450 – 77 млн теңге
    • Haval H6 GT – 13 млн теңге
  • Брендтік бұйымдар мен әшекейлерге:
    • Rolex сағаты – 6,9 млн теңге
    • 150-ден астам сөмке, аяқ киім, зергерлік бұйым – 152 млн теңгеден аса
  • Шетелдік демалыс пен люкс қызметтерге:
    • БАӘ-де Versace, Habtoor, Madinat Jumeirah қонақүйлерінде тұру
    • Nusret мейрамханасында тамақтану
    • Жеке кәсіпкерлікке аударылған – 178 млн теңге
    • Гүл бизнесін (Rebel Flowers) сатып алу – 23 млн теңге

Тергеу қорытындысында Қайрат пен Алашбаева ұрланған 2,86 миллиард теңгенің 1,03 миллиард теңгесін заңдастырып, оны заңды айналымға енгізген.

Газаға жәрдем бе, жұртты алдау ма?

2023 жылдың қазанында Қайрат Instagram желісінде Газа секторындағы әскери жағдайға байланысты жедел гуманитарлық көмек көрсету туралы жариялап, халықтан қаржы жинай бастады. Елшілікпен келісім бар деген желеумен 566 млн теңге жиналды.

Бірақ тек 7 миллионы ғана Палестина елшілігінің шотына түскен.

Білімі мен өмірбаянына қатысты күмән

Сотта прокурор Перизат Қайраттың білімі аяқталмаған орта екенін хабарлады. Алайда бұрынғы ақпараттық парақшаларында ол өзін Ноттингем университетінің түлегі деп көрсетіп, шетелдік демеушілер мен инвесторларға тартымды бейне қалыптастырған.

Қордың құрылтайшылары кім?

Қорды тіркеу кезінде құрылтайшы ретінде көрсетілген азаматтардың көбі кейін сотта ешқандай құжатқа қол қоймағандарын мәлімдеді. Арасында белгілі жастар белсенділері мен еріктілер болған:

  • Айгерім Серікжанова (сол кездегі «Жас Отан» кеңесшісі)
  • Арсланбек Мағзум, Тоқтар Болысов, Гулназ Сейтқамал және басқалар
  • Сергей Матюшенко мен Дамир Хисматуллин тек алғашқы протоколға ғана қол қойғандарын растады.

Толық тізім мынадай:

  • Перизат Қайрат,
  • Айгерім Серікжанова (сол кезде – аталған саяси партияның «Жас Отан» жастар қанаты жетекшісінің кеңесшісі),
  • Арсланбек Мағзұм,
  • Шадияр Турғанбаев,
  • Аружан Аманбай,
  • Тоқтар Болысов,
  • Дамир Хисматуллин,
  • Гүлназ Сейтқамал,
  • Аян Хафиз,
  • Сергей Матюшенко.

Перизат Қайрат: “Фактімен қорғанамын”

Перизат Қайрат пен Гайни Алашбаева өздеріне тағылған барлық айыптарды жоққа шығарды.

Мен өзіме тағылған негізсіз айыптауларды мойындамаймын. Мен тек фактілермен қорғанамын, - деді Перизат Қайрат.

Перизат Қайрат ісі

Перизат Қайрат — Қазақстандағы қоғам белсендісі әрі кәсіпкер, 2021 жылдың маусымында құрылған қайырымдылық қорының негізін қалаушы және басшысы ретінде танымал.

2024 жылдың қарашасында ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаржыны жымқырды деген күдікпен ұсталды. Тергеу бұл қаражаттың бір бөлігі элиталық жылжымайтын мүлік, көлік пен қымбат сапарларға жұмсалғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар Перизат Қайраттың қор ақшасын қолма-қол ақшаға айналдыру үшін туыстары мен достарына ақы төлегені айтылды.

Сот процесі жалғасып жатыр.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде  Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. 

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды

Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған

Өзгелердің жаңалығы