Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев қандай экологиялық мәдениет қалыптастыру керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет отырысынан соң өткен брифингте журналист министрге "Таза Қазақстан акциясы бойынша жиналған қоқыстар көп екен. Бұл халқымыздың қоқысқа немқұрайлы қарауын білдіре ме?" деп сауал қойды.
Тазалық мәдениеті төмен деп айтсақ, халқымыз өкпелейтін болар. Бүгінде "өз қоқысыңды өзіңмен алып кет" принципін қалыптастыруымыз керек. Мысалға, шетелге барсақ, қоқыс салатын жәшіктерді көрмейміз. Әркім өз қоқысын алып жүреді. Біз де сол деңгейге жетуіміз керек. Өйткені бүгінгі таңда Ұлттық парктерге адам көп келеді. Ол жерде санитарлық қызмет жасақталған. Өкінішке қарай, тазарлау процесі мүлде тоқтамайды. Қазір тазаласаң, қазір ластап кетеді. Экологиялық мәдениетті көтеру керек – мұндай мәселе бар, - дейді Экология министрі.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, министр биыл "Таза Қазақстан" бастамасы аясында ел көлемінде республикалық және халықаралық деңгейде 573 экологиялық іс-шара өткізілгенін айтты. Сөзінше, акция аясында 189 мың тонна қоқыс жиналған.