Астананың тазалығы мен көріктілігін қамтамасыз етуге бюджеттен қомақты қаражат жұмсалады. Көшелерді тазалау, қар шығару, жарықтандыру, ағаш отырғызу және жасыл желекті күтіп-баптау – елорданың күнделікті тіршілігінің ажырамас бөлігі. 2026 жылы осы негізгі төрт бағытқа 138 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. BAQ.KZ тілшісі елорданың тазалығына қанша қаражат бөлінетінін және оның қандай бағыттарға жұмсалатынын зерделеп көрді.
Санитарлық тазалыққа – 78 млрд теңге
Астана – аумағы кеңейіп, тұрғындар саны артып келе жатқан ірі мегаполис. Қала көшелерін, аулалар мен қоғамдық орындарды таза ұстау үшін коммуналдық қызметтер күн сайын жұмыс істейді. Әсіресе қыс мезгілінде қар тазалау, көктемде көшелерді шаң-тозаңнан арылту, жазда қоқыс жинау және қоғамдық аумақтарды күтіп ұстау жұмыстары күшейеді.
2026 жылы санитарлық тазалық жұмыстарына 78 млрд 448 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл – қаланы күтіп ұстауға арналған негізгі шығындардың ішіндегі ең ірі бағыт.
Қаражат көшелер мен қоғамдық орындарды тазалауға, тұрмыстық қалдықтарды жинауға, қар шығаруға және жолдарды күтіп ұстауға бағытталады.
Астананың климаттық ерекшелігін ескерсек, қысқы тазалық жұмыстарының ауқымы да айтарлықтай. Мәселен, 2024 – 2025 жылдардағы қысқы маусымда елордадан 6 млн текше метрден астам қар шығарылған. Қарды жинау, тиеу, тасымалдау және арнайы орындарға жеткізу үшін коммуналдық қызметтерге техника мен жұмыс күші қажет.
Көгалдандыру мен абаттандыруға – 52 млрд теңге
Қала бюджетіндегі екінші ірі бағыт – аудандарды абаттандыру және көгалдандыру. Бұл мақсатқа 52 млрд 190 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.
Қаражат саябақтар мен скверлерді күтіп ұстауға, ағаштар мен бұталарды суаруға, гүлзарларды жаңартуға, жасыл аймақтарды күтіп-баптауға бағытталады.
Қала аумағында 4 млн-нан астам жасыл желек бар. Алайда ағаш отырғызумен жұмыс аяқталмайды. Оларды суару, қураған бұтақтарын кесу, зиянкестерден қорғау және қысқа дайындау да тұрақты күтімді қажет етеді.
Мәселен, Сарыарқа ауданында ағаштарды күтіп-баптау және отырғызу, гүлзарларды күту, суару, гүлдер мен субұрқақтарға қатысты жұмыстарға 2026 жылдың соңына дейін 3 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Бұл бір ғана ауданның мысалы. Қаланың басқа аудандарында да абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары бюджет есебінен жүргізіледі.
Көше жарықтандыруына – 6,5 млрд теңге
Елорда инфрақұрылымындағы тағы бір маңызды бағыт – көше жарықтандыруы. Бұл мақсатқа 6 млрд 591 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған.
Қаражат көше шамдарын күтіп ұстауға, жарықтандыру жүйелерін жөндеуге және олардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалады.
Қаланы көркейтуге – 1,1 млрд теңгеден астам қаржы
Бұдан бөлек, қаланы абаттандырудың жеке бағдарламасына 1 млрд 176 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.
Бұл бағыт елорданың сәулеттік келбетін жақсартуға, қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіруге және қалалық ортаның жайлылығын арттыруға арналған жұмыстарды қамтиды.
Осылайша, санитарлық тазалық, аудандарды абаттандыру мен көгалдандыру, көше жарықтандыруы және қаланы көркейтуге арналған төрт негізгі бағыттың жиынтық көлемі 138,4 млрд теңгеден асады.
Қаланың тазалығына қатысты басқа да шығындар бар
Алайда елорданы күтіп ұстауға жұмсалатын қаражат тек осы төрт бағытпен шектелмейді. Бюджетте жолдарды дамыту, экологиялық іс-шаралар, жасыл белдеу, зиянкестермен күрес және басқа да жұмыстарға арналған жеке шығындар қарастырылған.
Мәселен, жол шаруашылығын дамытуға 33,25 млрд теңге, қаланы дамытуға 26,83 млрд теңге, құрылыс саласындағы абаттандыру жұмыстарына 6,82 млрд теңге бөлінген.
Сонымен қатар жасыл белдеуді дамытуға 2,78 млрд теңге, қоршаған ортаны қорғау шараларына 1,31 млрд теңге, экологиялық бағыттағы даму жұмыстарына 594 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Зиянкестермен күресуге 987 млн теңгеден астам, зираттарды күтіп ұстауға 182 млн теңгеден астам қаржы көзделген.
Жыл басынан бері 41 мыңнан астам адам жауапқа тартылған
Қала тазалығы тек коммуналдық қызметтердің жұмысына байланысты емес. Қоғамдық орындарда қоқыс тастау, абаттандыру ережелерін бұзу және ортақ мүлікке ұқыпсыз қарау да елорданың тазалығына әсер етеді.
Астана қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері абаттандыру ережелерін бұзғаны және қоғамдық орындарды ластағаны үшін 41 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұл көрсеткіш қала тазалығын қамтамасыз ету мәселесінде тұрғындардың жауапкершілігі де маңызды екенін көрсетеді.