Алматы облысындағы демалыс аймағында тоқ соққан 11 жасар бала қайтыс болды. Бұл туралы баланың туыстары әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Желіде тараған мәліметке сәйкес, Қапшағай су қоймасының жағалауында орналасқан Family fort демалыс аймағында ілініп тұрған сымды байқамаған 11 жасар баланы тоқ соққан. Ол алған жарақаттарынан көз жұмған.
Қонаев қаласының әкімдігі бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Аталған аумақтағы электр желілері жекеменшікке тиесілі. Қайғылы оқиғадан кейін тіректер жағажайдан алынды. Бұл дерек бойынша Қонаев қаласының полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 306-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Жағдай бақылауда, — деп хабарлады жергілікті әкімдіктен.