Алматы облысының тұрғындары автовокзалдың жазуы мен сағаты алынып тасталғанын айтады, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Автовокзал жоғалып кеткен! Сағат пен жазуын да алып тастапты. Енді Алматы облысының орталығында автовокзал да, дәретхана да жоқ. Ешқандай жағдай жасалмаған, – дейді тұрғын.
Аталған жағдайға Қонаев қаласының баспасөз қызметі жауап берді.
Бүгінгі таңда қалааралық және Қонаев қаласы бойынша қала маңындағы жолаушылар тасымалы «Қапшағай» жолаушыларға қызмет көрсету пунктінде көрсетіледі (бұрынғы автовокзал). Ғимараттың ауданы – 400 м². Бұл жолаушыларға қызмет көрсету пункті жеке меншік «Жедел» ЖШС-не тиесілі. Жолаушылар ағыны аз болуына байланысты, 2023 жылдың желтоқсанында автовокзал жолаушыларға қызмет көрсету пункті ретінде қайта тіркелді. Осыған байланысты ғимарат қасбетінен жазулар алынып тасталды. Алайда қалааралық рейстер пункт аумағында да жұмысын жалғастыра береді, – деп хабарлады Қонаев қаласының баспасөз қызметі.
Автовокзалда жұмыс істейтін жолаушыларға қызмет көрсету пункті 7 бағытқа қызмет көрсетеді:
1. «Қонаев – Саяхат»,
2. «Қонаев – Сайран»,
3. «Қонаев – Арна»,
4. «Қонаев – Заречный»,
5. «Қонаев – Сарыбұлақ»,
6. «Қонаев – Қосқұдық»,
7. «Қонаев – Туғанбай».
Бас жоспар бойынша автовокзал ескі жерде орналасқан (Қонаев қаласы, Алматы көшесі, 4).