Өткен жылдың күзінде әскерге шақырылған жүзге жуық сарбаз Д-6 парашютімен алғашқы секірулерін орындады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әскери қызметші секіруге психикалық және дене дайындығы тұрғысынан дайын болған кезде ғана рұқсат беріледі. Бұл ретте батылдық, қиын жағдайда тез шешім қабылдау мен әрекет ету қабілеті ғана емес, одан бөлек күш-қуат дайындығы да айтарлықтай маңызды орын алады.
Сондықтан парашютпен алғашқы секіруден бұрын жерде көптеген жаттығулар жасалды. Парашютпен секірудің барлық элементтері мұқият орындалып, жетік пысықталды.
Парашютпен секіру – десантшыларды жауынгерлік даярлаудың негізгі элементі және әуе-десанттық даярлықтың ең күрделі әрі жауапты кезеңдерінің бірі. Сарбаздар жарады, барлығы тапсырманы мүлтіксіз орындап шықты, – деді әуе десанты даярлығы бөлімінің аға офицері майор Қайрат Чалимбеков.
Парашютпен секіру Ми-17 тікұшағынан 800 метр биіктіктен жүзеге асырылды. Аспаннан құлдилау тәжірибесі жас десантшыларға ұмытылмас әсер қалдырды, ең бастысы, олар өздеріне деген сенімділікті арттырды.