Қолында дипломы бар түлектер қанша уақытта жұмыс таба алатыны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Азамат Бейсенбенов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Түлектің диплом алғаннан кейін қаншалықты тез жұмыс табатындығын критерий бойынша бағаладық. Орташа жұмыс іздеу уақыты 97 күнді құрады, - деп айтты ол.
Оның мәліметіне сәйкес, түлектердің 1%-ы оқуды аяқтағаннан соң бірінші айда жұмыс табады. Ал түлектердің 39%-ы оқуды бітіргеннен кейінгі алғашқы 3 айда жұмыс табады.
Түлектердің 58%-ы 3 айдан 6 айға дейін жұмыс іздейді. Ал қалған 2%-ы 6 айдан астам уақыт бойы жұмыс іздейді, - дейді Азамат Бейсенбенов баспасөз конференциясында.