Қолбасшы парашютпен секіру кезінде қаза болған сарбаздың отбасына көңіл айтты

19 Қаңтар 2023, 13:45
1454
Бөлісу:
Қолбасшы парашютпен секіру кезінде қаза болған сарбаздың отбасына көңіл айтты

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Алмаз Жұмакеев парашютпен секіру кезінде сарбаздың қаза болуына байланысты қайғыра көңіл айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 

2023 жылғы 18 қаңтарда Астана қ. маңында парашютпен жоспарлы секіру кезінде мерзімді қызметтегі сарбаз қаза тапты.  Қайғылы оқиға болған әскери бөлім арнайы мақсаттағы бөлім болып табылады және Құрлық әскерлері бас қолбасшысының басқармасына тікелей бағынады.

Күн сайын әскери қызметшілер, соның ішінде онда қызмет ететін сарбаздар өмірге қауіпті оқу-жауынгерлік міндеттерді орындайды.  Тікұшақ бортынан 800 метр биіктіктен секіру сарбазға да, офицерге де, келісімшарт бойынша әскери қызметшіге де қауіпті. Бұл қызметте жүргеннің әрбірі қаншалықты тәуекелге баратынын түсінеміз, десе де кез келген тапсырманы орындауға дайынбыз.  Сондықтан арнайы мақсаттағы бөлімшелер, сондай-ақ Десанттық-шабуылдау әскерлері армияның беткеұстары болып саналады, - деді Алмаз Жұмакеев. 

Құрамалар мен әскери бөлімдердің командирлері жеке құрамның жарақаттануы мен қаза болу жағдайларын болдырмау үшін қолдан келген барлық шараларды қабылдайды.  

Қайғылы оқиға десантшыларды да бей-жай қалдырмады. Арнайы мақсаттағы бөлімнің әскери қызметшілері де, десантшылар секілді парашютпен секіру оқу-жауынгерлік міндеттерін орындайды.  

Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына, сарбаз қызмет еткен Құрлық әскерлері мен әскери бөлімнің қолбасшылығына қайғыра көңіл айтады. Бейбіт уақыттағы қаза – еліміздің Қарулы күштерінің барлық жеке құрамы үшін орны толмас қайғы, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы