Әлеуметтік желілер мен бірқатар бұқаралық ақпарат құралында аутизм спектрі бар балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа үндейтін мәлімдеме тарап, қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осы жағдайға байланысты Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ресми мәлімдеме жасады. Ведомство балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті орган ретінде әрбір азаматтың міндеті – баланы кез келген қауіп пен зорлық-зомбылықтан қорғау екенін еске салады.
Комитет мәлімдегендей, Бала құқықтары туралы конвенцияға сәйкес әрбір баланың өмір сүру және толыққанды даму құқығы бар, және бұл құқықтар жынысына, тіліне, дініне, денсаулығына, этникалық немесе әлеуметтік тегіне қарамастан қорғалуы тиіс.
Баланың қорғалу құқығын жоққа шығаратын немесе зорлық-зомбылықты ақтайтын кез келген мәлімдеме – тек заңға ғана емес, қоғамның адамгершілік қағидаттарына да қайшы, – делінген комитет таратқан хабарламада.
Қазіргі уақытта бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Комитет балалардың, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау – мемлекеттің ерекше назарындағы мәселе екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде ерекше балаларға қатысты "Аутист балаларды өлтіру керек" деп даулы пікір айтқаны үшін Алматыда блогерге қылмыстық іс қозғалды.
Асхат Аймағамбетов өрескел пікір айтқан блогерге қатысты өз ойын білдірді.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан әлеуметтік желіде аутист балаларға қатысты өрескел мәлімдеме жасаған блогердің іс-әрекетіне заң аясында баға берілуі тиіс екенін атап өтті.
Сондай-ақ, блогер Райхан Жұмамұратова неге өрескел пікір жазғанын түсіндірді.