Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қоғам қайраткерлері спорт федерациялары басшыларына KPI енгізуді ұсынып отыр

15 Қараша 2025, 08:32
312
Бөлісу:
 Туризм және спорт министрлігі
Фото: Туризм және спорт министрлігі

ҚР Туризм және спорт министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің отырысында спорт федерациялары басшыларының тиімділігін бағалайтын KPI жүйесін енгізу ұсынылды. Бұл көрсеткіштер федерация жетекшілерінің жеке міндеттемесіне айналып, аккредитациядан өтудің негізгі шарты болмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұсынылған негізгі тиімділік көрсеткіштері:

  • Демеушілік қаражат тарту: федерация жыл сайын мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың кемінде 10%-ына тең қаржыны демеушілерден табуы тиіс. Мысалы, спортты дамытуға бюджеттен 15 млрд теңге бөлінсе, федерация кемінде 1,5 млрд теңге тартуы керек. Қаражат «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» арқылы басқарылуы ұсынылады.
  • Инфрақұрылымды дамыту: олимпиадалық цикл ішінде ұлттық құрамаларды дайындау стандартына сай кемінде бір спорт нысанын салуға немесе жаңғыртуға инвестор тарту.
  • Шетелдік мамандар: төрт жыл ішінде федерация өз есебінен кемінде үш білікті шетелдік жаттықтырушы немесе кеңесші тартуы тиіс.
  • Халықаралық өкілдік: халықаралық федерацияларда кемінде бір қазақстандық маманның қызмет етуін және Олимпиада мен Азия ойындарында қазақстандық төрешілердің жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Бұл талаптар федерация басшыларын ұлттық құраманың дамуына, халықаралық жарыстардағы нәтижені арттыруға бағыттайды.

KPI орындалуы жылына екі рет Қоғамдық кеңес отырысында тыңдалып отырады. Сондай-ақ Кеңестің федерация қызметіне қатысты қорытындылары ашық жарияланып, бұқаралық ақпарат құралдарында қолжетімді болады.

Өзгелердің жаңалығы