Жаңа Конституция жобасына қатысты қоғамда белсенді талқылау жүріп жатқан жағдайда дәлелдер мен уәждердің сапасы ерекше маңызға ие. Бұл туралы Конституциялық реформа талқыланып жатқан кезеңге қатысты пікір білдірген Бұрхан Нұрмұхамедов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның сөзінше, сын-пікірлердің едәуір бөлігі нақты құқықтық нормаларды талдауға емес, өзгерістердің өзіне деген көзқарасқа негізделіп қалыптасып отыр.
Конституция құқықтық тетіктер жүйесі ретінде емес, саяси символ ретінде қарастырылады. Соның салдарынан талқылау институционалдық талдаудан болжамды ниеттерді түсіндіруге қарай ойысып кетеді, - деді ол.
Сарапшы мемлекеттік жүйе нақты айқындалған өкілеттіктер, рәсімдер мен жауапкершілік аясында жұмыс істейтінін атап өтті. Сондықтан жобаны бағалау жаңа қандай институттар құрылатынына, олардың арасында функциялар қалай бөлінетініне және тежеу мен тепе-теңдік тетіктері қандай түрде қарастырылғанына талдау жасауға негізделуі тиіс екенін айтты.
Оның пікірінше, реформаға жасырын мақсаттар таңып, нақты құқықтық механизмдерге талдау жасамай жатады деген үрдіс кең тараған. «Кез келген өзгеріс автоматты түрде ықтимал қауіп ретінде түсіндіріледі. Бірақ оның қандай норма арқылы және қандай құрал арқылы іске асуы мүмкін екені сирек түсіндіріледі. Эмоциялық фон қалыптасады, алайда институционалдық дәлелдер жетіспейді, - деп санайды Нұрмұхамедов.
Ол сондай-ақ академиялық ортада да сын көбіне алдымен реформаның саяси мәні туралы жалпы түсінік қалыптастырудан басталып, кейін жобадағы ережелер алдын ала жасалған қорытындыны дәлелдейтіндей қарастырылатынын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай тәсіл құқықтық бағалаудың объективті мүмкіндігін шектейді.
Бұрихан Нұрмұхамедов бөлек атап өткендей, ең көп талқыланып жүрген кейбір мәлімдемелер мәтінді әзірлеуге қатыспаған және балама ұсыныс енгізбеген тұлғалар тарапынан айтылып жатады.
Сын айту ғана емес, оның салдарын түсіне отырып, өзге де институционалдық модель ұсынуға дайын болу конструктивті пікірталастың шарты, - деді ол.
Сарапшының айтуынша, Конституция өз табиғатында мемлекетке өзгеріп отыратын әлеуметтік-саяси жағдайларға бейімделуге мүмкіндік беретін құрал болып табылады. Оның міндеті – басқару жүйесінің тұрақтылығын және құқықтық рәсімдердің болжамдылығын қамтамасыз ету.
Қорытындысында Нұрмұхамедов эмоциялық пікірталастан мазмұнды, институционалдық талқылауға көшу қажеттігін атап өтті.
Конституцияны мемлекеттік биліктің құрылымын қаншалықты дәйекті айқындайтыны, жауапкершілікті қалай бөлетіні және өзара тепе-теңдік жүйесін қалай қалыптастыратыны бойынша бағалау керек. Тек осындай тәсіл ғана реформаның мәнін объективті түсінуге мүмкіндік береді, - деп түйіндеді ол.