ҚМГ-нің AI-цифрлық телнұсқасы мұнай бергіштігін екі есе арттыруға мүмкіндік береді

AI & Digital Bridge 2026 форумында озық AI бастамалары мен технологиялық жобалар таныстырылды.

 Үкіметтің баспасөз қызметі 3 Қазан 2026, 18:33
3 Қазан 2026, 18:33
182
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

AI & Digital Bridge 2026 халықаралық көрмесінде түрлі салаларға арналған отандық AI шешімдері мен инновациялық цифрлық әзірлемелер таныстырылды. Атап айтқанда, көрмеде мұнай-газ өнеркәсібі, мемлекеттік қызметтер және робототехника салаларындағы ауқымды бастамалар мен технологиялық жобалар ұсынылды.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы Шығыс Молдабек кен орнында жасанды интеллект технологиясы қолданылған цифрлық телнұсқаны енгізді. Бұл туралы компанияның басқарма төрағасы Асхат Хасенов мәлімдеді.

Жүйе қабат, ұңғымалар мен инфрақұрылымның моделін жасап, бірнеше сағат ішінде кен орнын игерудің 600-700 сценарийін есептеп, бұрғылау жүргізуге оңтайлы нүктелерді анықтайды. ҚМГ-нің AI телнұсқасы Шығыс Молдабек кен орнындағы мұнай бергіштікті екі есе арттыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде мұнай өндіру коэффициентін 14%-дан 30%-ға дейін көтеру көзделіп отыр. Алдағы бес жылда технологияны 12 кен орнына енгізу жоспарланған. Бұл компания өндірісінің 90%-ын қамтып, қосымша кемінде 2,9 млн тонна мұнай өндіруге мүмкіндік береді.

Бұрын есептеуге айлар кететін, қазір бірнеше сағат жеткілікті. Учаскелердің бірінде AI алты тік ұңғыманың орнына екі тік және екі көлденең ұңғыма бұрғылау қажет екенін көрсетті. Тек осы шешімнің өзі шамамен 600 млн теңге үнемдеуге мүмкіндік береді, – деді ҚМГ басқарма төрағасы Асхат Хасенов.

1414 колл-орталығының дауыстық ассистенті Қазақстанда 27 мыңға жуық қоңырауды қабылдады

Цифрландыру және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында 1414 колл-орталығына жүгінген азаматтарға кеңес беруге арналған виртуалды ассистент әзірленіп, іске қосылды.

Мемлекеттік корпорация басқарма төрағасы Арман Кенжегалиевтің айтуынша, қазіргі таңда ассистент ең көп сұралатын мемлекеттік қызметтер бойынша кеңес береді. Атап айтқанда, жеке басын куәландыратын құжаттарды алу, жылжымайтын мүлікті тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу, жүргізуші куәлігін алу және әлеуметтік аударымдарға қатысты сұрақтарға жауап береді. Ал болашақта ассистентті анықтамалар беруге үйрету жоспарланып отыр.

Жақын арада динамикалық қызметтерді де қосуды жоспарлап отырмыз. Мысалы, психо-, наркодиспансерлердегі есеп туралы, тубдиспансердегі есеп, соттылықтың болуы, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдар мен Қазақстан аумағынан шығуға қойылған шектеулерді тексеруге қатысты анықтамалар, – деді Арман Кенжегалиев.

Жүйе мемлекеттік және орыс тілдерінде, сондай-ақ аралас тілде жұмыс істейді. Қазір виртуалды ассистент 27 мыңға жуық қоңырауды қабылдаған. Оның шамамен 40%-ын бірінші желідегі операторларға қоспай, өз бетінше өңдеген.

Қазақстанда Астанада жергілікті хабы бар жаңа робототехника индустриясы құрылады

Мемлекет басшысының Шанхайға сапары аясында робототехника саласындағы әлемдік көшбасшы Unitree компаниясымен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Ол озық технологиялық бағыттарды дамыту мен инновацияларды енгізуді көздейді. Бұл туралы AI & Digital Bridge 2026 көрмесінде Qazbot компаниясының бас директоры Владислав Сафаров мәлімдеді.

Біздің мақсатымыз – Қазақстанда жаңа робототехника индустриясын құру. Алғашқы кезеңде Астана қаласында жергілікті өңірлік хаб салу жобасын жүзеге асырамыз. Біз өнімнің үш бағытын шығарамыз. Олар – гуманоид роботтар, RobotDogs роботтары және сауда орталықтары мен қонақүйлерге арналған сервистік роботтар, – деді Владислав Сафаров.

Пилоттық жоба Астана мен Алматыны қамтиды. Бұл қалаларда роботтар LRT нысандарында, әлеуметтік нысандарда және басқа да орындарда халыққа ақпарат беру үшін пайдаланылады.

Наверх