Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында Рамазан айына орай БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерге арнайы үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бас мүфти қасиетті айда жүзеге асатын «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы» тәрізді қайырымдылық іс-шараларға атсалысуға шақырды.
Осы ретте барша отандастарымды қасиетті айда жүзеге асатын «Рамазан қоржыны», «Рамазан сыйы», «Рамазан тәттісі» «Жомарт жұма», сынды қайырымдылық іс-шараларға үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізген абзал екенін айрықша атап өткіміз келеді, - деді ол.
Сонымен қатар Наурызбай қажы Тағанұлы қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі екенін атап өтті.
Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз. Сонымен қатар барша халықтың ортақ игілігі үшін салынып жатқан жол, көпір, мектеп, мешіт, медресе, балабақша, спорт кешені сынды маңызды ғимараттарға аз да болса үлес қосып, белсенділік танытуға шақырамын, - деді ҚМДБ төрағасы.
Айта кетейік, биылғы пітір садақа мөлшері белгілі болды.