ҚМА Семейдегі жылу қазандықтарына 67 млн теңге шығын келтіру фактісін анықтады

24 Қараша 2023, 11:30
546
Бөлісу:
ҚМА Семейдегі жылу қазандықтарына 67 млн теңге шығын келтіру фактісін анықтады
Фото: ҚМА баспасөз қызметі

ҚМА Абай облысы бойынша Департаментінің қызметкерлері Семей қаласындағы 3 қазандық бойынша 67 млн теңге шығынды анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР ҚМА баспасөз қызметі мәлімдегендей, бюджет қаражаты 2022 жылы қала қазандықтарын жөндеуге бөлінген. Алайда, 1934 жылы пайдалануға берілген жылу орталығы тозып, әлі күнге дейін қыста жылу энергиясын қалаға дұрыс жеткізе алмаған.

Мамандардың айтуынша, жылыту маусымы барысында жылу берудегі ауытқулар орташа есеппен тәулігіне 3 рет тіркеледі.

Жалпы, қалада 1 ЖЭО, сондай-ақ 17 қазандық және 72 жылу пункті жұмыс істейді.

Жылу берудегі дәл осындай проблемалар Аягөз және Курчатов қалаларында да тіркелуде, мұнда жылу желілерінің тозуы сәйкесінше 53% және 35% құрайды.

Құрылған арнайы комиссия құрамына энергетика және ТКШ басқармасы, ІМАД, ЭМ Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің департаменті, тұрғын үй инспекциясының мамандары кірді.

Заңсыз иемдену немесе жымқыру, яғни басқа біреудің мүлкін ұрлау деген күдік бойынша мердігер компанияның директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Қылмыстық іс шеңберінде жылумен жабдықтаудың 14 объектісін тексеру басталды, оларға аталған компания 1,2 млрд теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Сотқа дейінгі тергеу тіркеліп, тергеу әрекеттері жүргізілген соң мердігер Шульбинск кентінде құны 32 млн теңге болатын қазандықтың экономайзерін ауыстырып, іске қосты. Былтыр ол пайдаланылған құрылғыны жаңа құрылғы ретінде орнатқан болатын.

Нәтижесінде 1,3 мыңнан астам жылумен қамтылуға тиіс абоненттің құқықтары қорғалды.

Қабылданған шаралар нәтижесінде жылу жүйесіне 8 бюджеттік ұйым, 4 әлеуметтік нысан, 24 коммуналдық кәсіпорын қосылды.

Осылайша, қала маңындағы тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ету объектілері, жылумен қамтамасыз етуге байланысты қауіпті жағдайдың алды алынды.

Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіндегі өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Өзгелердің жаңалығы