ҚМА Ақтөбе облысы бойынша департаменті заңсыз кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру фактісі бойынша Қырғыз Республикасының азаматына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәселен, "Жайсан-авто" бекетінде Қазақстан Республикасы аумағынан шығып кету әрекеті кезінде жүк көлік құралының жүргізушісі ұсталды, оның шанағын тексеру кезінде акциздік маркалары жоқ, көкөністерде (пекин қырыққабаты) жасырылған жалпы саны 70 мыңнан астам қорап темекі өнімдері табылды.
Мемлекеттік кірістер органдарының деректеріне сәйкес төлеуге жататын акциздік алым сомасы 22,6 млн теңгені құрайды.
Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде. Жүк көлігі қамауға алынды және тәркіленуге жатады.
Бұдан басқа, Қарағанды облысында есепке алу-бақылау маркалары жоқ темекі өнімдерін сатушы сотталды.
Анықталған қойманы тінту барысында жалпы құны 18,5 млн теңгені құрайтын 71 мыңнан астам қорап темекі табылып, тәркіленді. Контрафактілік темекі өнімдері жойылды.
Жалпы, жыл басынан бастап ҚМА өндірісінде темекі өнімдерінің айналымына байланысты 62 қылмыстық іс болды, оның 35–і сотқа жіберілді. Барлығы 11 млрд теңгеден астам сомаға 22 млн қорап темекі тәркіленді, - делінген хабарламада.
Құрметті азаматтар мен кәсіпкерлер! Қаржылық мониторинг агенттігі акцизделетін темекі бұйымдарын акциздік маркаларсыз ірі мөлшерде өткізу қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді (ҚР ҚК 214-бабы).
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.