Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Қиын жағдай: Жұманғарин несие пайызының жоғарылығы қалай шешілетінін айтты

Жансая ҚАМБАР
15 Шілде 2025, 13:32
793
Бөлісу:
 Үкіметтің баспасөз қызметі
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

БАҚ өкілі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен кәсіпкерлер мен халық үшін қиындық тудырып отырған қазіргі несие пайызының жоғарылығы қалай шешілетінін сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ол кейбір кезде экономикалық өсімді ынталандыру мен инфляцияны тежеу саясаты бір-біріне қайшы келетінін айтты. 

Қазіргі уақытта Үкіметтің экономикалық саясатының мақсаты – 6-7 пайыз экономикалық өсім. Бірақ біздің Ұлттық банктің саясатының мақсаты – инфляцияны тежеу. Жақында Ұлттық банк төрағасының конференциясы болды. Ол “мақсатымыз инфляцияны 5 пайызға түсіру” деді. Кейбір кезде осы екі саясат бір-біріне қайшы болады, - деді Жұманғарин.

Ұлттық экономика министрі базалық мөлшерлеменің 16,5 пайызға көтерілуі нақты сектордағы кәсіпкерлерге несие беруді қиындатып отырғанын айтты.

Қиын жағдай. Себебі қазіргі уақытта 20–22 пайызбен бір бизнес жобаны көтеру өте қиын. Бірақ тұтынушылық секторда бұл көрсеткіштің әсері байқалмайды. Осындай жағдайда Үкімет шешім қабылдап, даму институттары арқылы қолдау көрсетуге көшті. “Бәйтерек” ұлттық холдингіне қаржы бөлінуде. Биыл 1 триллион теңге бөлінді, бұл ішкі және сыртқы нарықтардан қосымша 7 трлн теңге тартуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, 8 триллион теңге қаражат айналымға енеді, – деді ол.

Министрдің айтуынша, айналымға енген қаражаттың 4 трлн теңгесі 12,6 пайызбен беріледі. Қалғаны экспорттық бағыттағы жобаларға валютамен есептеліп, 1,3 пайыздық мөлшерлемемен ұсынылады. Бұл жалпы ішкі өнімнің өсуіне оң әсер етеді.

Осы жұмысты жалғастырамыз. Келесі жылы инфляцияны 8–10 пайыз деңгейінде ұстап тұрамыз, – деді Ұлттық экономика министрі.

Еске салайық, Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектенов және оның орынбасарларының қатысуымен БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингі өтіп жатыр.

Бұған дейін Бектенов экономикалық өсімді сақтау үшін тапсырмалар берген еді.

Өзгелердің жаңалығы