Қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсеткен қазақ халқына алғыс – Наргизам Махмұдова

Бүгiн, 11:46
193
Бөлісу:
Қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсеткен қазақ халқына алғыс – Наргизам Махмұдова
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

1 наурыз – Алғыс айту күні. Тағдырдың тәлкегімен елімізге қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, ауыртпалық атаулыны бірге көтерді. Бұл күн – қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш-қайғыны бөлісіп, пана бола білген қазақ халқына өзге ұлт өкілдерінің алғыс айтатын күні, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚХА мүшесі Наргизам Махмұдова бұл күннің ерекшелігіне тоқталды.

Биыл ерекше жыл! Қазақ Халқы Ассамблеясының 30 жылдығы. Сонымен қатар тұспа-тұс келіп отырған 2016 жылдан бері тойланып келе жатқан 1 наурыз – Алғыс айту күні. Әрине, өте ерекше мерекелердің бірі. Мен үшін бұл мереке маңызды. Біз, әрине, күнделікті өмірімізде ата-анамызға, достарымызға, жақындарымызға, бауырларымызға алғысымызды айтамыз. Бірақ бұл Алғыс айту күні өте ерекше. Бүкіл Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері, бір ұлтпыз, қазақстандықпыз, бірақ енді ішінде әртүрлі этностарға бөлінеміз. Сол жүз отыздан астам этностар бар деп отырамыз. Сондықтан осы этностардың атынан бүкіл қазақ еліне, қазақ халқына алғыс білдіреміз. Бұл мерекенің ерекшелігі де, маңыздылығы да осында. Себебі қаншама тарихқа үңілетін болсақ, тарихты білетін адам бұл Алғыс айту күнінің маңыздылығын, мәнін тереңде екенін түсінеді. Сол үшін бұл мереке маған өте маңызды. Бүгін мен үшін қаншама мүмкіншілік жаратып отырған еліме, қазағыма, қазақ халқыма үлкен алғысымды білдіре алатын күн. Сондықтан осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!, - деді ол.

Наргизам Махмұдованың айтуынша, мерекеде түрлі іс-шараларды ұйымдастырады.

Біз қарттар үйіне барып, сол жердегі 350-ге жуық ата-апаларымызға тәттілер беріп, концерттік бағдарламамызды ұсындық. Алғыс айту күнінде қайырымдылық шараларын ұйымдастырамыз. Сонымен қатар биыл 1-наурыз Алғыс айту күні қасиетті Рамазан айымен басталып жатыр. Ауыз бекіткен жандарға, яғни жұмыстан қайтып үлгере алмай қалған кісілерге көшеде су мен құрма таратып және мешіттерге үлестіреміз, - дейді Наргизам Махмұдова.

Өзгелердің жаңалығы