Қисапсыз тексеру, тергеу амалдары да жүрді. Мұхамедиұлы Тоқаевқа үндеу жолдады

16 Мамыр 2022, 13:30
2480
Бөлісу:
Қисапсыз тексеру, тергеу амалдары да жүрді. Мұхамедиұлы Тоқаевқа үндеу жолдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық музейдің директоры Арыстан Мұхамедиұлы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ол оны өзінің facebook-тегі парақшасында жариялады. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің еңбек жолынан бастап барлығын бейнеүндеуінде айтады. 

Мен еңбек жолын қазақтың көрнекті ғалымы, академик Ахмет Жұбанов негізін қалаған Мемлекеттік филармониядан бастадым. Бертін келе «Қазақ әуендері» Акционерлік Қоғамын құрып, менеджментке ерекше ден қойдым. Көптеген дарынды жастармен таныстым. Бірлесіп, керемет энтузиазммен жұмыс істедік. Тоқсаныншы жылдардың соңына қарай әлемдік музыкалық мәдениеттің барлық жанрларын қамтитын, Қазақстанның Президенттік оркестрінің іргесін қаладым. Маған еліміздің ең талантты деген өкілдерін жинауға мүмкіндік берілді. Бұл жұмысты мейілінше абыроймен атқаруға тырыстым. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі, 2007-2008 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің бас инспекторы қызметтерін атқардым. Бұдан кейін Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында ректор болып жұмыс істедім, - деді Мұхамедиұлы. 

Ол атағандай, өнердің әр саласында адал атқарған қызметім ел басшылығы тарапынан елеусіз қалмаса керек, Мәдениет және спорт министрі лауазымына тағайындалады. 

2019 жылдың шілдесінен Сіздің Өкіміңізбен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры болып жұмыс жасап келемін. Ел есінде қалды деген елеулі жұмыстарға тоқтала кетуге рұқсат етіңіз. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер Академиясында жас жеткіншектердің өмірге, өнерге деген көзқарастарын жан-жақты қалыптастыру мақсатында өн бойларында ұлттық рухты қалыптастыра отырып, тиісті кәсіптерін толықтай игеруге жағдай жасадық. Студенттер Қазақтың белгілі театр ордаларында өнер көрсетуге мүмкіндік алды, - дейді ол. 

Ол атағандай, Өнертану факультетінің жеткіншектері У.Шекспирдің атақты «Макбет» қойылымын өз отаны Лондонның алқалы театрларында әуелі қазақ, сонан соң ағылшын тілдерінде сахналаған кезде ағылшындық өнерсүйер қауым айрықша ризашылықтарын білдірген еді.

Сондай-ақ Мемлекеттік Эрмитажда «Алтын адам» көрмесін ұйымдастыруға атсалыстым. 20 күнге деп белгіленген көрмені Эрмитаждың директоры М.Б. Пиотровский өтініш жасап, екі айға созды. Көрмеге келушілер ата-бабаларымыздың ғажайып зергерлігіне таң қалысқан. Бұдан соң осы көрмені АҚШ-тың Вашингтон мен Нью-Йорк аралығындағы бес қаласында ұйымдастырып, Алтын адамның шеруін өткіздік.Сол секілді Моңғолиядағы «Түркі қағанаты ескерткіштерін зерттеу» ғылыми экспедициясына жетекшілік еттім. «Этноауыл» ұлттық мәдени кешенін құру идеясының, «Ұлыстың Ұлы күні Наурыз – жаңа форматта» тұжырымдамасының авторымын (іргелі-тарихи зерттеулерге негізделген Наурызды атап өтудің заманауи 8 жолын ұсындым, - дейді ол үнеуінде. 

Мұхамедиұлы министр лауазымында жүрген кезімде «Қазақ хандығының 550 жылдығы», «ЭКСПО – 2017» шараларын кеңінен ұйымдастыруға атсалыстым, жазғы және қысқы олимпиада делегацияларын басқарып, спорт сайыстарында үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін де айтады.

Опера – музыка өнерінің шыңы десек, оның ішінде шоқтығы биік, маңдайалды туындылар Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегі», Ахмет Жұбановтың «Абайы», Мұқан Төлебаевтың «Біржан Сарасы» қойылымдарын жаңа форматқа көшірдік. Шет елдерге шығардық. «Open air» форматында атақты Италия композиторы Джузеппе Вердидің «Аида» операсын Астанада Бейбітшілік пен Келісім сарайы маңында, ал қазақ опера өнерінің інжу-маржаны «Біржан–Сара» операсын Бурабайда Біржанның туып өскен жері Көкшенің ашық аспанында көрермен назарына ұсынылды. Жауһар туындылар ыстық ықыласпен қабылданған-ды. Қысқасы, мен бар саналы ғұмырымды мемлекет пен халықты біріктіріп отыратын ұлттық идея ісіне бағыттап келемін. Қазақ киносының тынысын ашып, әлемдік өркениетке батыл бет алуына да үлес қосуға атсалысып келемін, - деді ол. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстан тарихында алғашқы «Кинематография туралы» Заңның қабылдануына бар күш-жегерін жұмсағанын айтты.

Бұл заң Ұлттық киноөндіріске қолдау көрсетіп, сондай-ақ қазақстандық киноны жаппай прокатта ілгерілетуге ықпал ете бастады. Аталған Заңға сүйенсек, қазақ тіліндегі фильмдер кинотеатрларда қойылғанда салықтан босатылады. Демек, кино прокатымен айналысатын ұйымдар үшін бұдан былай қазақ фильмдерін көрсету өздері үшін экономикалық жағынан тиімді деген сөз. 2018 жылдың қаңтарында АҚШ-қа сапары аясында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев америкалық киноиндустрия қауымдастығының вице-президенті Гейл Маккинен кездескен еді. Голливудтың Қазақстанмен жұмыс істеуге деген қызығушылығы атап өтілді. Бұған дейін мен ірі американдық кинокомпаниялар «Warner Bros. Entertainment, Inc», «Motion picture», «20th Century Fox», «NBC Universal», «The Walt Disney Company», «YMF Enterprises Paramount Pictures Corporation», «HBO West Coast Production», «A+E Studios» және басқа да киноөкілдерімен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылаған едім, - деді ол. 

Экс-министрдің айтуынша, АҚШ-тың ірі кино – және телекомпанияларының басшылары мен өкілдері, атап айтқанда, «NBS Universal», «CEO of Global Policy Initiatives» және бірнеше компаниялар Қазақстанға келіп, біздің техникалық, кадрлық мүмкіндіктерімізге жоғары баға берді және олар үшін аса маңызды, біздің мемлекетіміздің ынтымақтастық үшін геосаяси тұрақтылығы мен сенімділігін атап өткен еді.

Жалпы, "28 панфиловшы", "Композитор" сияқты халықаралық жобалар, "Қазақ хандығы", "Бауыржан Момышұлы", "Әміре", «Құнанбай», «Аманат», «Анаға апарар жол» және тағы басқа ұлттық киноленталар көрерменге жол тартты. Мұның бәрі сөреде шаң баспай, үлкен сұранымға ие болды. Ғасырлар бойы тоналып келген қасиетті қабірлеріміз бен қорғандарымыз да заң жүзінде нақты қорғауға алынуына ұйытқы болдым. Тарихи-мәдени мұраларымызды қорғау ғана емес, оларды сақтауды да міндеттейтін «Тарихи-мәдени мұралар туралы» заң жобасы дайындалып, ол Парламент Мәжілісінің алғашқы оқылымынан сүрінбей өтті. «National Geographic», «BBC World news», «Discovery», «Viasat History» сияқты әлемдік жетекші арналармен бірлесіп, тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттау және көпшілікке тарату мақсатында Қазақстанның киелі объектілері туралы толық метражды тарихи деректі фильмдер циклі эфирге шығарылған. Солардың бір парасы мыналар: «Күлтегін. Жаңа көзқарас», «Қожа Ахмет Ясауи және Айша бибі мавзолейлері», «Көшпенділер жері». Ал 2019 жылы «Ботай», «Тәңірлік күнтізбе», «Ұлы Даланың ежелгі металлургиясы» секілді сериялар іске қосылды, - деді ол. 

Ол Президентке Міржақып бабамыз айтқандай «мен өзімнің бүкіл саналы өмірімді Қазақ Елінің, ұлтымыздың игілігіне жұмсап келемін» деді.

Қазақтың ар-намысы, мақтанышы, қасіреті - желтоқсан десек, Қайрат Рысқұлбеков секілді оның жаужүрек қаһармандары еліміздің келешегі үшін өмірлерін қиды. Менің де бар арманым сол – Қазақстанның жарқын болашағы. Мұның бәрін мен неге баяндап отырмын? Қай салада жұмыс жасамайын, мен әуелі ұлт мүддесі үшін тер төгіп жүргенімді айтқым келеді. Мемлекет бюджетіне қол салғандарға аяусыз тосқауыл жасап келемін. Әрине, мұндай әрекеттерім кейбір адамдарға ұнасын ба? Кейбір адамдар әлі күнге дейін тірліктеріме тұзақ құрып келеді.Осыдан бірнеше жыл бұрын "Феникс" көркемфильмінің түсірілімдеріне бөлінген қаражаттың жымқырылғаны белгілі. Нақтылап айтқанда, «Феникс» киножобасы бойынша бюджет қаржысын жымқырды деген күдік келтіріліп, кинорежиссер Талғат Жаныбеков қамауға алынды, - деді ол. 

Мұхамедиұлының айтуынша, оған қазақстандық белгілі актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың да тікелей қатысы болатын. 

"Феникс" фильмінің шарты голливуд компаниясы "Aldamisa Entertainmentпен" жасалынды деген сөз жалған болып шыққан еді. Шын мәнінде, "Казахфильм" АҚ "T.K.TURAN UNIVERSAL BUSSINES" ЖШС-пен және ресейлік ООО "Альдамиса РУС" жасанды компаниясымен келісім жасалып, бюджеттен бөлінген 3 млн доллар қолды болып кете жаздаған. Сол Т. Жаманқұлов өз қорғаушысының көзінше "Феникс" фильмінің өндірісіне бөлінген бюджет қаражатын жымқырғанын толықтай мойындады. Жаманқұлов қаражаттың қолма-қол ақшаға айналдырылған дерегін де растады және бюджет қаражатының жеке мақсаттарға жұмсалғанын айтты. Алайда аталған өнер өкілдері түрлі айла-шарғыларымен мені қаралауға көшкен болатын, - деді ол. 

Мұхамедиұлы атағандай, продюссер Тұңғышбай Жаманқұлов айыбын бетіне басқаным үшін, мені ата жауындай көріп, күні бүгінге дейін жөн-жосықсыз арызданып келеді.

Әрине, «қаһармандар» азуын көрсетуден қайтар емес. Кез келген ілкімді сәтті пайдаланып, Өзіңіздің атыңызға, басқа да құрылымдарға еш негізі жоқ шатпақ шағымдарын шаршамай жазып келеді. Оның ту сыртында кезінде Дариға Назарбаеваның, Бағлан Майлыбаевтың, Ермек Аманшаевтың тұрғанын және де солардың айдағы екені де белгілі. Әлбетте, қисапсыз тексеру, тергеу амалдары да жүрді. Бірақ, менің ар-ұжданым таза! Жеке басымды қаралаған бірде-бір факт дәлелденбеді. Кейінгі кезде, енді арыз иелері музейде кеткен бұрынғы кінәраттарды да маған жапсыра салғысы келеді. Осыған орай, негізсіз тексерулерге тосқауыл болуыңызды сұраймын, - деді ол. 

Өзгелердің жаңалығы