Қазақстан Халық партиясы сайлаудың алдын ала қорытындысын мойындады

Партия төрағасының айтуынша, азаматтардың сайлауға белсенді қатысуы қоғамның саяси мәдениеті мен ел болашағына жауапкершілігін көрсетеді.

24 Тамыз 2026, 01:49
АВТОР
 instagram.com/shokanov.nursultan 24 Тамыз 2026, 01:49
24 Тамыз 2026, 01:49
161
Фото: instagram.com/shokanov.nursultan

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов алғашқы Құрылтай сайлауынан кейін қазақстандықтарға үндеу жасап, дауыс беруге қатысқан азаматтарға алғыс білдірді.

Ол жаңа Конституцияға сәйкес өткен алғашқы Құрылтай сайлауын елдің саяси өміріндегі маңызды кезең деп бағалады. Партия төрағасының айтуынша, азаматтардың сайлауға белсенді қатысуы қоғамның саяси мәдениеті мен ел болашағына жауапкершілігін көрсетеді.

Алдын ала exit poll нәтижелері бойынша Қазақстан Халық партиясын сайлаушылардың шамамен 3%-ы қолдаған. Нұрсұлтан Шоқанов бұл көрсеткіш түпкілікті нәтиже емес екенін атап өтіп, партияға берілген әрбір дауысты үлкен жауапкершілік деп бағалады.

«Мен Қазақстан Халық партиясына өз дауысын бергендердің барлығына шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Сіздердің сенімдеріңізді біз үлкен жауапкершілік және алдымызға қойылған міндет деп санаймыз. Халқымыздың үмітін ақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді партия төрағасы.

Шоқанов сайлауалды науқанның белсенді әрі мазмұнды өткеніне де тоқталды. Оның айтуынша, партиялар республикалық телеарналардағы тікелей пікірсайыстарда өз ұстанымдарын таныстырып, сайлау процесін халықаралық және қазақстандық бақылаушылар қадағалаған.

«Қазақстан Халық партиясы бүгінгі дауыс беру қорытындыларын объективті деп таниды және басқа партиялардағы әріптестерімен бірге басты мақсат – әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқаты, Әділетті Қазақстанның тұрақты әрі сенімді дамуы үшін сындарлы жұмыс істеуге дайын», – деді Нұрсұлтан Шоқанов.

Партия төрағасы сайлауға қатысқан барлық саяси күшке бәсекелі әрі мазмұнды науқан үшін алғыс айтып, алдағы кезеңде елдің жаңарған саяси институттарын қалыптастыру бағытындағы жұмыс жалғасатынын жеткізді.

Наверх