"ҚазТемірТрансдың" лауазымды тұлғалары қамауға алынды

30 Желтоқсан 2022, 09:28
846
Бөлісу:
"ҚазТемірТрансдың" лауазымды тұлғалары қамауға алынды
VIDEO

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет квазимемлекеттік сектордағы жүйелі сыбайлас жемқорлық фактілерінің жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жедел өңдеу нәтижелері бойынша Қазақстан Темір Жолы еншілес кәсіпорындарының бірінің, атап айтқанда Қазақстан Республикасы жүк вагон паркінің ірі операторы болып табылатын «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамының лауазымды адамдарын заңсыз байытудың қылмыстық схемасы ашылып, жолы кесілді.

Қоғамның және оның өңірлік филиалдарының лауазымды тұлғалары жүк вагондарының тапшылығын пайдалана отырып, кейбір жағдайларда осындай тапшылықты жасанды түрде жасай отырып, проблемаларды шешудің орнына, осы жағдайды өздерінің пайдакүнемдік мақсаттарында пайдалана отырып, жүк вагондарын кедергісіз және жеделдетіп бергені үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алғаны анықталды, - делінген хабарламада.

Тұрақты пара алудың белгіленген схемасына филиалдардың қызметкерлері мен басшылары, сондай-ақ бас кеңсе бөлімшелерінің менеджерлері мен бастықтары қатысты.

Ақша қаражаттары, әдетте, лауазымды тұлғалардың немесе олардың сенімді адамдарының, оның ішінде жақын туыстарының карт-шоттарына аударылып отырған.

Қоғамның Ақмола филиалының бір ғана басшысы 2020 жылдан бастап 70 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз алып, оның басым бөлігін Щучье-Бурабай курорттық аймағының ойын мекемелеріне жүйелі түрде бару арқылы жұмсаған.

Қоғамның Қарағанды филиалының бұрынғы және қазіргі басшылары да осындай қылмыстар жасады деп күдіктелуде.

Барлық аталған адам ұсталды және тергеу сотының санкциясымен 2 айға қамауға алынды. 

Сондай-ақ, ақшалай қаражатты заңсыз алуда Қызылорда филиалының басшысы мен Қоғамның орталық аппаратының бірқатар қызметкері әшкереленді.

Басқа лауазымды тұлғалардың қатысуы тексеріліп жатыр.

Айта кетсек, жүк вагондарының уақтылы жеткізілмеуіне байланысты жүк жөнелтуші кәсіпорындар жеткізілімдердің бұзылуына жол береді, үлкен шығындарға ұшырайды және пара беру арқылы өз мәселелерін шешуге жүгінуге мәжбүр. Сонымен бірге, бұл шығындардың барлығы тауарлар бағасының өсуіне әсер етеді.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесінде өзге де ақпарат жариялауға жатпайды.

Өзгелердің жаңалығы