«Қазақстан» телерадиокорпорациясы бүгін Астанада «Qazsport» телеарнасының 10 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Open Air форматында ұйымдастырылған мерекелік кешке ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Парламент депутаттары, федерация өкілдері мен спортшылар қатысты.
«Qazsport» телеарнасы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының құрамынан 2013 жылдың 1 шілдесінен бастап ашылды. Осы аралықта арнаның хабар тарату көлемі 66 723 сағатты құрады. Көрермен назарына 15 мың трансляция ұсынылды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі еліміздегі тұңғыш спорт телеарнасын алғашқы белесімен құттықтай келе, биыл спорт журналистикасына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.
Qazsport» 10 жылдың ішінде үлкен белестен өтті. Спорттық жарыстарды таратып қана қоймай, спорттық рухтың байрағына айналды. Біз спорт журналистикасына ерекше көңіл бөліп отырмыз. Биылғы «Тұмар» бәйгесіне тұңғыш рет спорт журналистикасы бойынша аталым қосылды. Арамыздан ерте кеткен Амангелді Сейітхан атындағы номинацияға лайық мамандар осы телеарнадан да шығады деген ойдамын, - деді министр.
Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов патриотизмді дамытуда отандық спорттың рөлі ерекше екенін айтты.
Патриотизмді дамытуда спорттың орны ерекше. Көк туымызды жеңіс тұғырынан желбірететін де, Әнұранымызды шырқататын да біздің спортшылар. Ал олардың жеңісін «Qazsport» телеарнасы арқылы насихаттап, жас буынның бойына отансүйгіштік қасиетті дарытамыз. 10 жылдықтарыңыз құтты болсын, - деді ол.
Мерекелік кешке Олимпиада ойындарының жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, бокстан әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай,ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин, шорт-тректен Әлем кубогының жүлдегері Абзал Әжіғалиев, көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анна Алябьева қатысып, «Qazsport» арнасын мерейтойымен құттықтады.
Жиында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы Ләззат Танысбай арнаның бүгінгі бағыт-бағдары мен алдағы жоспарлары туралы атап өтті.
10 жыл ішінде арна спорт журналистерінің, спорт комментаторларының ұстаханасына айналды, олардың кәсіби шыңдалуына зор үлес қосты. «Qazsport» арнасының негізгі мақсаты – отандық көрермендерді республикалық, халықаралық, әлемдік жарыстардың трансляциясымен қамту, сонымен қоса қазақстандықтарды салауатты өмір салтына баули отырып, кішкентай көрермендеріміздің арасынан спорт жұлдыздарының, болашақ чемпиондардың шығуына ықпал ету.
Алда спорт жанкүйерлеріне биылғы XIX жазғы Азия ойындарын, XXXIII жазғы Олимпиада ойындарын, футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатын көрсету бойынша келіссөздер жүргізілуде, - деді басқарма төрайымы.
«Qazsport» телеарнасы тәулігіне 18 сағат хабар таратады. Телеарна спорттық трансляциялардан бөлек, «Sport Review» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасын,«Qazsport алаңы» ток-шоуын, ел футболына арналған «Доп дода», «Тур по туру», «Pro Football» жобаларын, хоккейге арналған «Pro Hockey», волейбол спортына бағытталған «С volley к победе», кәсіпқой бокс бағытындағы «The Ring», спорттың әр түрін қамтитын «Жүйріктер жолы» жобаларын тұрақты түрде көрсетіп келеді.