Қазнетте есірткі сататын 3 ірі алаң анықталды

24 Сәуір 2024, 09:13
461
Бөлісу:
Қазнетте есірткі сататын 3 ірі алаң анықталды
Фото: Артём Чурсинов - архив

ҚМА есірткі құралдары мен прекурсорлардың таралуы тұрғысынан Telegram мессенджерінің арналары, әлеуметтік желілер мен хабарландыру сервистері қамтылған жаһандық желіге мониторинг жүргізіп отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мессенджерлердегі 300-ге жуық арна, тыйым салынған заттар сатылатын 4 ірі Darknet маркетплейс көзге түсті.

Ел аумағында Telegram арналары арқылы есірткі және психотроптық заттарды тұрақты негізде жарнамалаумен және сатумен айналысқан 80 пайдаланушының жеке басы анықталды.

Интернет-кеңістіктің Қазақстандық сегментіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде 35 мыңға жуық қатысушысы бар есірткі сататын 3 ірі алаң, есірткі заттарынының әлеуетті тұтынушылары болып табылатын 10 мыңға жуық адамның жеке басы анықталды, - делінген хабарламада.

Талдау көрсеткендей, тұтынушылардың 50% - дан астамы Астана, Алматы қалалары мен Алматы облысына тиесілі.
Агенттік өткен жылы айналымы 25,6 млрд теңгені құрайтын 36 есірткі дүкенін анықтады.

Биыл Telegram мессенджерінде 60 есірткі арнасына тиесілі 59 карт-шот анықталды.

Қаржылық барлау бөлімшесінің алдын ала талдау қорытындысы бойынша аталған дүкендердегі ақша қаражатының жалпы айналымы 3 млрд теңгені құрады.

Айналымы 82 млн теңгені құрайтын есірткі дүкендерінің бірі бойынша материалдар ІІМ-ге жолданды.

Құрметті азаматтар! Есірткіні қолдану адам денсаулығына жағымсыз әсер ететінін тағы да еске саламыз. Есірткі арқылы жасөспірімдердің денсаулығына қауіп төнуі мумкін. Ата-аналардан балаңыздың мінез-құлқына, оның денсаулық жағдайына, айналасына назар аударуды, интернет кеңістігінде көрген контентті, сатып алуларын, сондай-ақ оның карточкалық шоттарына қаражат түсу көздерін бақылауды сұраймыз. Есірткі құралдарын сатып алу және сақтау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз, - делінген ҚМА таратқан хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы