«ҚазМұнайГаз» компаниясының қызметкерлері 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында тұратын ардагерлерді құттықтап, сый-сияпат жасады.
Адамзат тарихында бұрын-соңды болып көрмеген сұрапыл соғыстың аяқталғанына да биыл 74 жылдың жүзі болды. Өкініштісі, ардагерлер қатары жыл санап азайып барады. Қазір бас шаһарда 71 майдангер тұрып жатыр. «ҚазМұнайГаз» компаниясының қызметкерлері біреуін де елеусіз қалдырмай, әр қайсысына ерекше құрмет көрсетіп, бас иіп қайтты. Аталған ірі компания үшін бұл іс дәстүрге айналып отыр. Мұнайшылар жыл сайын «Жеңіс» әлеуметтік-қайырымдылық жобасының аясында осындай акция өткізіп тұрады.
Ақсақал Айдархан Байкенұлы «ҚазМұнайГаз» компаниясының қызметкерлері келетінін алдын ала біліп, тағатсыздана күтіп отырған екен.
«ҚазМұнайГаздықтар» жыл сайын мейрамға қарсы келеді, бұл жолы да күтіп отырған едім. Келді. Айналайындар, құрметтеріңе рақмет. Аталарыңды бір қуантып тастадыңдар», - деді Айдархан Байкен.
Ардагер қазір астанадағы госпитальда емделіп жатыр. Құттықтаушылар ақсақалды іздеп осында келді. Қарт қонақтарын жылы қабылдап, ұзын-сонар әңгіме айтты.
«Мен соғысқа 17 жасқа толмай бардым. Бүгінгі 17 жастағы бала майдан алаңына бара ма? Жоқ. Қазір заман басқа. Қоғам басқа. Бейбіт елде тұрасыңдар. Соны бағалай біліңдер. Мен тұңғыш Президенттің қабылдауында болған қадірлі жеті ардагердің бірімін. Мұндай құрметке екінің бірі қол жеткізе алмайды. Айтайын дегенім, Н.Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген еңбегі мол, ұмытпаңдар. Өткен ғасырдың аяғында қандай едік, қазір қандай ел болдық», - деді Айдархан Байкен.
Ардагер құттықтап келген жастарға батасын берді.
«Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-нің жетекші инженері Тахир Шәріп «Біз «ҚазМұнайГаз» компаниясы және Жас мамандар кеңесінің атынан ардагерлерді құттықтауға келдік. Осылай Ұлттық компаниямыздың қызметкерлері еліміздің барлық облыстары мен өңірлерінде жыл сайын осындай акция өткізіп тұрады. Мақсатымыз – соғыс ардагерлерінің жағдайын біліп, оларға көмек көрсету. Біз жастар майдангерлердің ұрпақ үшін жасаған жанкешті жауынгерлік ерлігін еш уақытта ұмытпаймыз. Ұмытуға құқымыз жоқ! Қарттарымызға денсаулық пен қажымас қайрат тілейміз», - деді.
«ҚазМұнайГаз» компаниясының қызметкерлері 98 жасты алқымдаған соғыс ардагері Александр Бабичевті де құттықтап қайтты. Бұл кісі де компанияның ұжымы келетінін біліп, күтіп жүрген екен. Қонақтарын есік аузынан күтіп алып, төрін ұсынды. Қарт қал-жағдайды сұрасқан соң сауалымыздың қандай болатынын іші сезді ме, бірден соғыста басынан кешкен оқиғаларды есіне түсіріп, әңгімесін арыдан бастады.
«Мен әскерге 18 жасымда шақырту алдым. Әлі есімде, сол кезде ауада оқ-дәрінің иісі аңқып тұратын. Отанды қорғау үшін Қазақстаннан миллионға жуық сарбаз аттандық. Украинадағы Курск доғасында шайқасып, Румыния мен Чехословакия жеріне жеттім. Миномет рота командирлігіне дейін қызмет еттім. Соғысты басқа бермесін», - деді Александр Бабичев.
Ұлттық компанияның мамандары құттықтап шыққан ақсақалдардың арасында Мұқан Балапанов та бар. Биыл қария тоқсанның алтауын еңсеріпті. Қонақтар келер алдында аздап қан қысымы жоғарлағаны болмаса, денсаулығы жақсы, сергек жүр. Мұқан Темірғалиұлының 6 баласы, 4 немересі және 4 шөбересі бар. Балалары мен немерелері жиі-жиі келіп, қарайласып тұрады. Мұқан Темірғалиұлы бір ғасырлық ғұмырында талай қиындықты көрген ақсақал. Бірақ өмірінде қан майданнан асқан сорақы, зұлымдық кез болған емес. Қарт екінші дүниежүзілік соғыста бастан кешкен әр сәтін ұмытпапты.
«Мен Беларусь майданында болдым. Ол жерге өмірі әскерді көрмеген, қолына қару ұстамаған, шалғай жатқан елде болмаған біздерді салып жіберді. Амал жоқ, жауға шаптық. Қаншама адам қыршыннан қиылды. Соғысқа дайындық болмаса да, дұрыс қаруланбасақ та ұйымшылдығымыздың арқасында жеңіп шықтық», - деді Мұқан Балапанов.
Соғыс қаһармандары жастардан Отанды сүйіп, тарихты жадыларынан шығармауды сұрады. «Отан барда ел бар, тарих бар да біз бармыз» – бұл майдангерлердің бүгінгі ұрпаққа айтқан өсиеті.