Қазконтентке тың серпін берген жастар

12 Тамыз 2023, 10:43
1947
Бөлісу:
Қазконтентке тың серпін берген жастар

Қазіргі уақытта еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін әлеуметтік желіні пайдаланады. Бірі сапалы контенттерді қарауды жөн санаса, енді бірі уақыт өткізудің амалы деп біледі. Ал біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз қазақконтеніне үлес қосып жүрген жастар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Америкада оқып, қазіргі таңда инстаграм, тик-ток желісінде сол елде грантқа қалай оқуға түсуге болатыны жайлы қазақ тілінде контент жасап жүрген жастардың бірі Ернар Қуанышев. Ернар 1994 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Сол қаладағы №38 жалпы орта білім беретін мектепте оқиды. Одан кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің пиар мамандығында білім алады. 2015 жылы Болашақ бағдарламасының грант иегері атанады. Арман қуалап Америкаға барған Ернардан сол елдің оқу процесіндегі ерекшелік жайлы сұрадық. Оның айтуынша, ағылшын тілін меңгермей білім алуға бару қиын екенін жеткізді.

Ағылшын тілін білмей Америкаға оқуға бару қиындау. Практикалық тұрғыдан баруға болады. Бірақ алып кететін дүниеңіз аз болады. Тілді білгеніңіз өзіңізге жақсы. Себебі түрлі адамдармен араласып, жаңа ортада қарым-қатынас құрасыз. Тілді мейлінше жетік білсеңіз әртүрлі ақпараттарға қанығасыз. Одан бөлек сол ортаның мүшесі ретінде сезінуге мүмкіндік аласыз,-дейді Ернар.

Ернардың айтуынша, Америкада оқу қоғамның мәдени аспектісіне айналған. Оқимын деген жастар үшін барлық жағдай жасалған.

Америкадағы оқу процесі өте қызықты, заманауи. Әлемдік топ-100 университтетің көпшілігі Америка университеттеріне тиесілі деп айтуға болады. Бұл мемлекет білімді бизнеске айналдырып, нарыққа дайындаған. Білім жүйесін ыңғайлы етіп жасаған. Мамандықтар өзгеріп тұрады. Мысалы, белгілі бір факультетте жоқ мамандықтар келесі жылы пайда болып жатады. Солардың бірі қазір айтып жүрген Жасанды интелект туралы бакалавр, магистрлік мамандықтар оқытылып жатыр. Қаржылық технологияға да қатысты мамандықтар да қолға алынған. Яғни нарық талабына сай. Америкадағы университтердің тағы бір ерекшелігі қаржылай жағынан тәуелсіз және орталықтандырылмаған. Яғни, әр университеттегі оқудың басталатын және аяқталатын кездері болады. Оқуға қабылдау шарттары да әртүрлі. Біздің елдегі сияқты министрліктің арнайы бұйрығы арқылы оқу басталмайды. Әр университет өз бағдарламасын дайындайды. Тағы бір байқағаным магистр кезінде көптеген сабақтар кейске арналады. Ол дегеніміз қазір нарықта не болып жатыр соны талдайды.

Америкада студенттік картаны дұрыс пайдалана алсаң көп мүмкіндіктер көп дейді кейіпкеріміз. Сол карта арқылы қалаған кітіпханаңызға кіріп, тегін ноутбук алып, түрлі үйірмелерге қатыса аласыз.

Жыл сайын Америкаға орта есеппен 1 миллион студент оқуға келеді. Америкада білім беру жүйесі экономиканың ең үлкен бөліктерінің бірі. Себебі әр елден келген студент сол елдің тамағын тұтынады, пәтер жалдайды экономикасына осылайша үлес қосады. Мемлекет өз ішінде отырып сыртқа нарыққа шығарып отыр. Дұрыс сатудың арқасындла өнімнің сапасына да қатты мән береді. Сондықтан біз алдыңғы қатарлы инновациялық университетерді көріп отырмыз. Өзіміз білетін Google, Facebook, Meta секілді көптеген компаниялар сол Америкадағы университеттердің негізінде қаланды. Деректерге сүйенсек, Марк Цукерберг өз жатақханасында алғашқы кодттарын жаза бастаған. Университеттердің тағы бір ерекшелігі ғылымға жаңалық алып келуге құмар.

Оқуға түскеннен бастап студенттік картасы беріледі. Сол оқу орнының айналасындағы спорт зал, кітапхана, лабаратория, медиа орталықтарға т.б студенттерге қажетті жерлерге емін-еркін кіруге мүмкіндік берілген. Ол жерде сіз тек оқысаңыз болды. Тіпті сіздің ноутбугыңыз болмаса кітапханадан тегін беріледі. Оқытушылармен байланыс өте емін-еркін. Университеттегі спорттық ойындар мен жарыстар ұлттық немесе мемлекеттік деңгейде өтіп жатады,-дейді Ернар Қуанышев.

Ернар Амеркада болған қызық жағдайды еске алып, таң қалғанын да жасырмады.

Бір қызық жағдай студенттерінің түнде жатарда киетін киімімен сабаққа келген кезін көріп «мәдени шок» алған болатынмын,-дейді кейіпкеріміз.

Инстаграм желісінде 15 мың оқырманы бар Ернардың негізгі контенті сол елге оқуға түсудің процестерін айту. Қазақ тілінде жүргізетін видео контенті арқылы қалай грант жеңіп алуға болады, оқудағы ерекшеліктер мен өзгерістерді айтады.

Америкаға оқуға түсудің жолдары өте көп. Қазіргі уақытта түрлі бағдарламалар бар. Ол жақта негізінен біздің елдегі сияқты оқу гранттық жүйеде емес. Университет көбінесе ақылы түрде жүреді. Оқу өте қымбат. Мысалы, 2 жыл магистратура оқу үшін 70-80 мың долларға дейін қаражат төлейсіз. Одан бөлек өмір сүру деңгейі бар. Сондықтан адамдар мүмкіндігінше стипендиялық бағдарламаларға тапсыруға тырысады. «Болашақ» бағдарламасы біздің жастарымыз үшін осы жағынан тиімді. Әр университет пен әр факультет өзінің стипендиялық бағдарламаларын жариялап отырады. Оқуға түсемін дейтін әрбір азаматтың мүмкіндігі бар. Тек өзін мықты кандидат ретінде көрсету керек. Инвестицияны өз-өзіңе құйып, дамыту қажет. Ал менің әлеуметтік желідегі негізгі контентім оқуға тапсырып жатқан түлектерге көмектсу. Яғни, Америкада қай университетке түсуге болады, қай мамандықты таңдаған дұрыс деген сияқты мәселелерді айтамын. Құжаттарын тапсыруға көмектесемін. Оқуға түсу бойынша әртүрлі жастағы адамдар кеңес алады. Маған көмекке жүгінетіндердің басым көпшілігі амбициясы мықты адамдар. Яғни жаңа елді көріп, мәдениетімен танысып, білім қуалағысы келеді. Қазіргі уақытта жастардың шетелде оқуы қалыптасып жатқан тренд. Бұл тренд жақсы деп ойлаймын. Себебі әлемнің үздік университеттерінен білім алады. Болашақта біздің экономикаға да өз үлесін қосады. Сол алып келген білімін тәжірибе рентінде пайдаланады,-дейді Болашақ бағдарламасының түлегі.

Ернардан әлеуметтік желіде отыратын жастарға қандай кеңес айтатынын да сұрауды ұмытпадық,

Әлеуметтік желіде отыратын жастарға сапалы, пайдалы контент жасаймын дейтін болса мүмкіндіктер көп. Белгілі бір жетістікке жету үшін Америкада оқу міндетті деп айтпаймын. Әркім өз жүрек қалауындағы іспен айналысқаны жақсы. Ең бастысы бұл өмірде өз-өзіңді жоғалтпай орныңды табу,-дейді Ернар Қуанышев.

Иә, Ернар секілді шет елде оқып, алған білімі бойынша елге келіп қызмет етіп жүрген жастар жеткілікті.

Ал біздің келесі кейіпкеріміз Блогер Нұрқожа Ерсайын есімді азамат. Әлеуметтік желіде халқымыздың ежелгі аңыз-әңгімелерін түсіндіріп, тарих туралы қызық мәлімет ұсынып жүреді. Нұрқожаның мәдениет пен тілді насихаттайтын Derekkoz деген жобасы да бар. Ол жерде түркі елінің тарихы мен мәдениеті туралы әңгімелейді. Бұл жоба әлеуметтік желі де оқырманы мен көрермені көп контент деп айтуға болады. Бір ерекшелігі барлығы тек қазақ тілінде айтылады. Instagram-да қысқа әрі нұсқа деректер ұсынылса, YouTube-те автор тақырыпты толық ашып, бастан-аяқ түсіндіреді. Тик-ток желісінде де жиі қаралатын жобалардың бірі.

Көбіне Нұрқожа мырза түркітілдес елдердің әдет-ғұрпы, мәдениеті, тұрмыста қолданған заттары мен тарихта болған оқиғалары жайлы айтып береді. Оған қоса блогер тарихи жерлерге барып, әлеуметтік желіде онлайн экскурсия өткізеді. Өзінің инстграм парақшасында 70 мыңға жуық оқырманы болса, Derekkoz парақшасында 30 мыңға жуықтаған. Ауылда қой бағып өскен қазақтың қарапайым баласы тарих пен құсбегілікті ерекше жақсы көрген. Одан бөлек түрлі музыкалық аспаптарда ойнайды.

Өз ұлтыңның жанашыры болу үшін себеп-сылтау керек емес. Қазақ болғандықтан, тарихымызды біліп, ана тілінде сөйлеуіміз керек. Дәстүрімізді ұстанып, аталарымыз қалдырған аманатты сақтап, келесі буынға жеткізіп, жалғастыруымыз керек. Бұл менің де борышым,-дейді блогер.

Иә, әлеуметтік желіні бүгінгі екі кейіпкерлер секілді пайдалы алаң ретінде пайдаланатын жастар көп болсын.

Өзгелердің жаңалығы